Экология және тұрақты даму: Астанада бірегей көрме ашылды

1056
Фотосурет: po.qr-pib.kz

Президенттік орталықта «Экология – ел тағдыры» атты республикалық «Таза Қазақстан» акциясына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Президенттік орталығында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» акциясын кеңінен ілгерілету аясында «Экология – ел тағдыры» атты көрме ашылды.

Іс-шараға мемлекеттік органдар мен салалық министрліктердің өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ елордалық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатарынан шамамен 50 адам қатысты.

Көрменің негізгі мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті насихаттау, экологиялық сананы арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Экспозицияда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұғымы туралы айтқан фотосуреттері мен сөздері қойылған. Президенттің пікірінше, бұл тек көшелер мен саябақтардың, аулалар мен алаңдардың тазалығы ғана емес, адамның санасынан басталатын үлкен мәселе. Бұл бір реттік науқан емес, қазақстандықтардың күнделікті тұрмысының, өмір салтының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс ауқымды бастама.

Көрмеде ұсынылған маңызды құжаттардың бірі – Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы. Биылғы Жолдауында Президент елімізде су инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігіне назар аударып, Қазақстандағы суды пайдалану мәдениетінің төмендігін атап өтті, су тапшылығы салдарынан туындайтын қиындықтарға тоқталды және заманауи, су үнемдейтін технологияларды енгізу қажеттігін ерекше атап өтті.

Айта кету керек, көрмеде ұсынылған еңбектердің ішінде ерекше орын алатын еңбек – «Қазақ елінің экологиялық ахуалы» атты монография. Онда Қазақстандағы экологиялық жағдай биосфера және әлемдік үрдістер аясында қарастырылады. Тағы бір еңбек – «Қазақстан табиғатының қалыптасуы мен даму тарихы», онда табиғатты зерттеудің көпғасырлық тарихы баяндалып, табиғи байлықтардың қалыптасуы жер қыртысының дамуымен тығыз байланысты екені көрсетілген.

Сондай-ақ көрмеде пәнаралық зерттеулерге де айрықша назар аударылған. Мәселен, «Экология и экономика природопользования» атты оқу құралында экологияның негіздері мен табиғатты пайдаланудың экономикасы ашып көрсетілген. Ал «Экологические проблемы и устойчивое развитие регионов и городов Республики Казахстан» және «Экологические проблемы и устойчивое развитие Республики Казахстан» атты ұжымдық еңбектерде Қазақстан мен Ресейдің жекелеген өңірлерінде, қала және агломерацияларда жүргізілген геоэкологиялық зерттеулер нәтижелері ұсынылып, қазіргі жағдай мен орнықты дамудың болашағы сипатталған.

Қызығушылық тудыратын еңбектердің бірі – «Экологическая информация и современное общество», онда қазақстандық экологиялық ҮЕҰ мен БАҚ-тың халықаралық ұйымдармен және шетелдік қорлармен ынтымақтастық тәжірибесі кеңінен сипатталған. Теориялық-әдістемелік тұрғыдан мазмұнды еңбек – «Экология человека. Терминологический словарь», онда 1370-тен астам термин мен ұғым қамтылған. Бұл қатарды «Экологическое образование и воспитание как компоненты воспитательно-образовательной функции общества» атты монография толықтырады, онда экологиялық тәрбиенің жауапты азамат қалыптастырудағы рөлі айқын көрсетілген.

Көрменің өзіндік бір қырын публицистикалық және ғылыми-көпшілік еңбектер құрайды. Мәселен, «Табиғат терезесі» атты еңбекте табиғаттың сұлулығы мен нәзіктігі жайлы публицистикалық толғаныстар беріліп, оқырманда әрі алаңдаушылық, әрі үміт сезімдері қатар оянады. Ал «Радиоактивное наследие атомной империи» кітабында ядролық физика негіздері, радиоактивтілік және оның қаупі баяндалған. Сонымен бірге «О некоторых явлениях природы» еңбегінде жаһандық катаклизмдерге қатысты көне түсініктер, соның ішінде Әлемдік топан суы туралы мәліметтер қамтылған.

Көрмеде барлығы 20-ға жуық жұмыс қойылып, олар экологиялық тақырыптарға арналған.

Осылайша, көрме түрлі мазмұндағы материалдарды – ресми құжаттар мен Президент Жолдауларынан бастап ғылыми монографиялар, оқу құралдары мен публицистикаға дейін біріктірді. Экспозиция Қазақстан мен бүкіл адамзат алдында тұрған экологиялық сын-қатерлердің ауқымын ғана көрсетіп қоймай, табиғатқа ұқыпты қарау әрбір адамның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналуы қажет екеніне назар аударады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -