Инвесторлар мен бизнес өкілдері Қазақстандағы энергетиканы жаңғырту перспективаларын талқылады

1144
Фотосурет: Gov

Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту Ұлттық жобасы Астанадағы конференцияның басты тақырыбына айналды

Елордада энергетика саласындағы маңызды жобаларға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртудың Ұлттық жобасы: Қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты конференция өтті. Іс-шараны «Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Басқосуда «Energy Monitor» атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұлов модераторлық етті. Талқылауға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Конференция 300-ден астам бизнес өкілін, энергия өндіруші және жеткізуші ұйымдарды, сондай-ақ ұлттық компаниялардың басын қосты.

Конференция аясында «ЭКСЖ – 2025-2029 ұлттық жобасы: басымдықтар, мақсаттар, индикаторлар» атты пленарлық отырыс болды. Онда жобалық кеңсе жұмысының алғашқы аралық нәтижелері мен алдағы жылдарға арналған жоспарлар талқыланды.

Сессия аясында мынадай маңызды мәселелер қаралды:

  • Ұлттық жоба шеңберінде сатып алу қағидалары, электрондық платформаны іске қосу және отандық тауар өндірушілер тізілімін жасау;
  • сатып алынатын тауар позицияларын талдау;
  • оффтейк-келісімшарттар мен офсеттік келісімдерді қолдану;
  • EPC мердігерлермен өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері.

Жиында ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаның негізгі аспектілерін таныстырды. Оның айтуынша, жоба аясында жылу желілерін, электр желілерін жаңғырту, сондай-ақ генерациялау объектілерін салу және қайта жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланған.

«Біз еліміздің барлық өңірін қамтитын ірі Ұлттық жобаны іске асырамыз. Бұл жобаның нәтижесінде 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозуын 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінің тозуын 74%-дан 45%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Басты мақсатымыз – инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту және жылумен әрі электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру» Сұңғат Есімханов

Жалпы қуаттылығы 7,3 ГВт болатын генерациялау объектілерін салу және жаңғырту бойынша 29 жоба іске асырылмақ.

Конференция барысында инвесторлардың рөліне ерекше назар аударылды. TotalEren, ArmWind-ENI және Svevind халықаралық компаниялары жаңартылатын энергия көздері саласындағы өз жобаларын таныстырып, қазақстандық бизнеспен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -