Әр түрлі мамандықтағы әскери міндеттілер аумақтық қорғаныс бригадасында дайындықтан өтті

1342
Фотосурет: Gov

Аумақтық қорғаныс бригадасының әскери жиыны оқу-жаттығумен аяқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Астана қаласының аумақтық қорғаныс бригадасына шақырылған әскери міндеттілердің он күндік жиыны арнайы оқу-жаттығумен қорытындыланды.

Жаттығу барысында бригаданың күзет ротасы Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, маңызды стратегиялық нысанды қарсыластың диверсиялық-барлау топтарынан, оның ішінде террористік әрекеттерден қорғау бойынша тәжірибелік іс-қимылдарды пысықтады.

Іс-шараға қатысқан Астана қаласы мәслихатының депутаттары аумақтық әскерлердің дағдарыстық жағдайларда жедел әрекет ету қабілеті аса маңызды екенін атап өтті.

Аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Омар Орынбаевтың айтуынша, жеке құрам жоғары деңгейдегі жауынгерлік және моральдық-психологиялық дайындықты көрсетті.

"Бұл жолғы әскери жиынға 90 әскери міндетті шақырылды. Олар он күн бойы бұрын алған білімдері мен дағдыларын жаңартып, қазіргі аумақтық қорғаныс талаптарына сай әрекет етуге машықтанды. Оқу-жаттығу барысында тосқауыл бекеттерді орнату және олардың жұмысын ұйымдастыру, қарулы топтың тосыннан болған шабуылына тойтарыс беру, ерекше қорғалатын нысанға жасалған шабуылды бейтараптандыру сияқты тактикалық эпизодтар пысықталды" Полковник Омар Орынбаев

Жиынға қатысушылар 10 күн бойы далалық жағдайда шатырлы қалашықта тұрып, қарқынды әскери дайындықтан өтті. Оқу бағдарламасына тактикалық, атыс, саптық, медициналық және инженерлік дайындық сабақтары енгізілді. Сонымен қатар, взводтар мен роталар құрамында бірлескен іс-қимылдар, төтенше жағдайлар кезінде тапсырмаларды орындау және инфрақұрылымдық маңызды нысандарды қорғау шараларына баса назар аударылды.

Әскери жиынға түрлі саланың өкілдері шақырылғанын айта кету керек. Олардың қатарында инженерлер, жүргізушілер, мұғалімдер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер бар. Олар өз кәсіби қызметтерінен уақытша қол үзіп, қажетті әскери дайындықтан өту үшін шақырылды.

Жиынға қатысушылардың бірі – взвод командирі запастағы лейтенант Сержан Ермаханов қазіргі таңда ветеринариялық зертханада қызмет атқарады.

"Әскери жиын барысында жауынгерлік, тактикалық, атыс және мемлекеттік-құқықтық дайындықтардан өттік. Сонымен қатар, стратегиялық маңызды нысанды қарулы шабуылдан қорғау бойынша тәжірибелік тапсырмаларды да сәтті орындадық" Сержан Ермаханов

Запастағы әскери міндеттілерді даярлау және қайта даярлау олардың теориялық білімдерін жаңартып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұндай дайындықтар арқылы кәсіби әскери резерв қалыптасып, әскери мамандардың құзыреттілігі артады. Сонымен қатар, тапшы әскери мамандықтар бойынша кадрлық резервті толықтыруға да ерекше көңіл бөлінуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -