Ұлттық ұланның офицері екінші рет адам өмірін сақтап қалды

5511
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Капитан Рүстем Абишев Астана қаласындағы аулалардың бірінде денсаулығы күрт нашарлаған азаматқа көмек қолын созды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оның жедел әрекетінің арқасында ер адам аман қалды. Бұл оның адам өміріне екінші рет араша түсуі.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығының Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының аға офицері  Рүстем Байкалұлы егде жастағы ер адамның үй ауласындағы орындықта сүлесоқ және еңкейіп отырғанын байқаған. Басын сүйеп, қозғала алмай отырған азаматқа әскери қызметші келіп, жағдайын сұраған. Ал ол қан қысымы көтерілгенін және көмек керегін әрең жеткізген. 

«Қан қысымы бойынша мәселе барын түсініп, сырт киімін шешіп, бірден дәріханаға жүгірдім. Фармацевтің кеңесімен қажетті дәріні алып, сырқат кісіге бердім. Іле жедел жәрдем шақырып, науқасты соларға тапсырдым. Олар қалай алғашқы көмек көрсеткенімді және қандай дәрі бергенімді сұрады. Бәрін түсіндірген соң медицина қызметкерлері дұрыс әрекет жасағанымды айтты. Егер дер кезінде назар аударып, дәрі-дәрмек бермегенде науқастың өмірден өтіп кетуі де мүмкін екен», – деді капитан Рустем Абишев.

Осылайша, ұландық әскери қызметшінің жедел әрекеті жазатайым оқиғаны болдырмауға септігін тигізді.

Айта кетейік, Р. Абишев Ұлттық ұлан сапында 2007 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Офицер осыдан 10 жыл бұрын да адам өмірін аман алып қалған болатын. Ол кезде ол Өскемен қаласында демікпесі ұстап қалған көлік жүргізушісіне дер кезінде алғашқы көмек көрсеткен.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -