Астанада Қаржы мониторингі агенттігі мен Еуразиялық топтың (ЕАТ) қылмыстық кірістерді жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Хатшылығы сарапшыларымен бірлесіп ұйымдастырған кірістерді жылыстату (КЖ) істерін тергеу, саралау және сотта қарау мәселелері бойынша оқыту семинары өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қаржы мониторингі агенттігі Төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов құттықтау сөзінде іс-шараның негізгі мақсаты – қылмыстық кірістерді жылыстату істері бойынша бірізді құқықтық ұстаным қалыптастыру екенін атап өтті. Бұл ұстанымдар FATF (Қаржылық шараларды әзірлеу тобы) стандарттарына және үздік халықаралық тәжірибеге негізделіп, кейіннен ұлттық құқықтық жүйеге енгізілуі тиіс.
Семинарға елдің түкпір-түкпірінен 60-тан астам судья, прокурор және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Олардың қатарында Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллина, Бас прокуратураның бірінші қызметінің бастығы Елдос Сағиев және ЕҚЫҰ-ның экономика және экология жөніндегі аға кеңесшісі Нураддин Муршудлу болды.
Басты баяндамашылар – ЕАТ Хатшылығының өкілдері Дмитрий Воробьёв пен Михаил Колинченко.
Семинар барысында бастапқы қылмыс (предикат) болмаған жағдайда КЖ істерін тергеу, «кәсіби жылыстатушылардың» қызметі, криптовалюта қолданылған схемалар, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістер мен балама мүлікті тәркілеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар алған білімдері мен тәжірибе алмасу құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігін арттыруға, қаржылық қылмыстарды тергеу тиімділігін күшейтуге және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.