Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Палата делегациясы Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Сенат Спикері Бішкекте өткен Орталық Азия мемлекеттерінің III Парламентаралық форумында сөз сөйледі және Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекуулумен кездесті. Сондай-ақ қазақстандық делегация Қазақ-қырғыз зиялыларының IX форумына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемлекеттерінің III парламентаралық форумына қатысушыларға ілтипат білдіріп, қырғыз халқын Ұлттық тіл күнімен құттықтады. Сонымен қатар ол бұл кездесулер Орталық Азия үшін маңызы зор киелі орындарда өткізіліп келе жатқанына назар аударды. Сенат Төрағасы өз сөзінде III Форумды өткізу парламентаралық байланыстарды нығайтудың символы және тарихқа, бауырластыққа, жарқын болашаққа деген ортақ ұмтылысқа құрмет екенін атап өтті.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Палата Спикері қазіргі таңда Орталық Азияның әлеуетін дамыту және күрделі геосаяси ахуал мен әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында өзекті проблемаларды шешуге жәрдемдесу жолында парламенттік дипломатияның маңызы арта түскенін айтты. Осы орайда ол қолға алынған бастамалардың іске асырылуын жеделдету ісінде Парламенттер ықпал ете алатын негізгі бағыттарға тоқталды.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылы «Орталық Азия ренессансы» атты мақаласында «алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең болады және осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты» деген еді. Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы аясындағы бірлескен қадам осы ортақ мүддеге табан тірейді. Қазірдің өзінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан және Парламенттер қолға алынған бастамалардың іске асырылуын жеделдетуге ықпал ете алатын бірқатар негізгі бағытты атап өткім келеді. Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін заңнамалық негізді нығайтудың мәні зор. Екінші маңызды бағыт – жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізуді заңнамалық тұрғыдан қолдау. Біз Өзбекстан Парламентінде ЖИ туралы заңды қарау аяқталғанын және Қырғызстанда Цифрлық кодекс қабылданғанын білеміз. Қазақстанда да Цифрлық кодекс әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл орайда біздің заңдарымыздың бір-бірінен алшақтамауы және ұқсас қағидаттар мен тәсілдерді қолдану аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Сонымен қатар өңірлік өзара іс-қимыл үшін өзекті мәселе экологияға қатысты проблемалар, нақты айтқанда, Парламенттің қатысуын талап ететін су-энергетикалық ынтымақтастық бағытындағы түйткілдер екені айтылды.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Су мұнаралары серіктестігі бастамасын ұсынды. Оның мақсаты – мұздықтарды зерттеу және қорғау үшін жаһандық ғылыми орталықтардың күш-жігерін біріктіру арқылы гляциологиялық ғылымды жүйелі қолдау. Бұл ретте Тәжікстан мен Францияның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Криосфералық ғылымдар бойынша онжылдық іс-қимыл айрықша мәнге ие. Соны ескере отырып, біз осы маңызды мәселені шешу жолында өзара байланысты одан әрі арттырудың берері мол деп есептейміз. Бүгінде өңірде экологиялық күн тәртібін ілгерілету бағытында айтарлықтай шешімдер қабылданып жатыр. Мұндай жағдайда бізге су-энергетикалық және экологиялық реттеуді заңнамалық деңгейде синхрондаудың маңызы жоғары», – деп, Сенат Спикері өзара іс-қимылдың алдағы кезеңдегі басқа да негізгі бағыттарын тілге тиек етті.
Форумның күн тәртібін талқылау барысында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Парламенттері Палаталарының басшылары мен өкілдері парламентаралық байланыстың тиімділігі аймақтың дұрыс даму траекториясын қалыптастыруға және оның келешегіне тікелей әсер ететінін айтты. Сондай-ақ олар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыру барысындағы бірлескен жұмыстың маңызына назар аударды.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«III Парламентаралық форумды Бішкекте өткізу парламенттік өзара іс-қимыл мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне толық сәйкес дамитынын растай түседі. Егер бірінші Форум парламенттік интеграцияның негізін қаласа, екіншісі оның күн тәртібін кеңейтті. Ал, үшінші Форум біздің бұдан да нақты әрі мазмұнды жұмысқа көшетінімізді көрсетеді. Мемлекеттеріміздің басшылары Орталық Азия өңірінде кооперация мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін белгілеп берді. Бұл ретте Парламенттердің, яғни біздің басты міндетіміз – Президенттеріміздің барлық уағдаластықтарын тиімді іске асыруға үлес қосу және прагматика мен сенімге негізделген бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы парламентаралық өзара іс-қимылдың пәрменді және перспективалы тетігі ретінде ерекше маңызға ие екенін тағы да атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Сондай-ақ бүгін Парламент Сенатының Төрағасы бастаған қазақстандық делегация мүшелері Қазақ-қырғыз зиялыларының IX форумына қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, ақын, белгілі манасшы Баянғали Әлімжанов, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы және басқа да көрнекті қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері бар. Кездесуде екі халықтың терең тарихи және мәдени байланыстарына негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
«Бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан зиялыларының алдында маңызды міндеттер тұр. Атап айтқанда, екі елдің әдебиеті мен өнерін насихаттауға басымдық берген абзал. Осы жұмыс аясында белгілі ақын-жазушылардың дәрістерін ұйымдастырған жөн деп есептейміз. Мәдени мұраны, әдеби шығармаларды цифрлық кеңістікте сақтау да аса маңызды. Ол үшін ғылыми еңбектердің электрондық нұсқаларын әзірлеуге, аудиокітаптарды көбейтуге, виртуалды музейлер ұйымдастыруға және тағы басқа жобаларды бірлесіп іске асыруға болады. Біз өз тарапымыздан осы бастамаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп, Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасының бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлерін екі елдің достығын нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның мемлекеттік және парламенттік наградаларымен марапаттады.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Орталық Азия мемлекеттерінің III Парламентаралық форумы аясында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекуулумен екіжақты кездесу өткізді. Онда екі елдің өзара іс-қимылының қазіргі жағдайы жан-жақты талқыланып, парламентаралық ынтымақтастықтың басым бағыттары белгіленді. Кездесуде Мемлекет басшыларының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың маңызына баса мән берілді.
«Соңғы жылдарда Мемлекет басшыларының достық пен құрметке негізделген қарым-қатынасының арқасында екіжақты байланыс айтарлықтай нығайып, өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қырғызстанға биылғы тамызда жасаған ресми сапары және Жоғары мемлекетаралық кеңестің кезекті 7-ші отырысы өзара ынтымақтастықты дамытуға айрықша серпін берді. Сапар барысында сауда-экономикалық, көлік-логистика, су-энергетика, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық байланыстарды нығайтуға арналған бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Мұндай қадамдар екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеретіні анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Нұрланбек Тұрғынбекуулу Сенат Спикеріне парламентаралық форум жұмысына қатысқаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара қарым-қатынастарды дәйекті түрде дамытудың маңызына назар аударды, сондай-ақ, белгіленген мәселеледі шешу жолында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.