Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) цифрлық активтер бойынша ҚҰБ-тың реттеуші сынақ алаңы аясында теңгеге байланған стейблкоин шығару бойынша пилоттық жобаның іске қосылғанын хабарлайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Стейблкоинді реттеуші сынақ алаңының қатысушысы — Intebix компаниясы (АХҚО-да тіркелген цифрлық активтер биржасы) Solana (халықаралық блокчейн-платформасы), Mastercard (халықаралық төлем жүйесі) серіктестерімен және Еуразиялық банкпен бірлесіп іске қосты.
Теңгемен отандық стейблкоинді іске қосу цифрлық инновациялық шешімдерді дәстүрлі қаржы инфрақұрылымымен біріктіріп, крипто-фиат каналын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Яғни, криптовалютаны теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоинге айырбастауға және криптокарталарды пайдалана отырып сауда операцияларын жүргізуге мүмкіндік туады.
Бұл жоба инновациялық цифрлық құралдар мен Қазақстанның цифрлық активтер нарығын дамытуды қамтитын ҚҰБ-тың ұлттық цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыру стратегиясының бөлігі болып табылады.
«Былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық қаржы өнімдерінің әлеуетін толық пайдаланып, іске қосуды тапсырды. Биыл Ұлттық Банк цифрлық активтерді реттейтін сынақ алаңын іске қосып, заңнамаға оның жұмыс істеуіне қажет түзетулер әзірлеген болатын. Қазір реттеуші сынақ алаңы аясында төрт бағыт бойынша сегіз пилоттық жоба іріктеліп алынды, оның алғашқысы – Қазақстан стейблкоині» Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов
Биыл маусым айында ҚҰБ криптовалютаны бір мезетте теңгеге конвертациялау есебінен тауарлар мен қызметтер ақысын төлеуге мүмкіндік беретін криптокарталар жобасын іске қосқанын еске саламыз.
ҚҰБ-тың реттеуші сынақ алаңы төлем қызметтері мен цифрлық активтер саласында жаңа өтінімдерді қабылдауға дайын.