Алматыда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында және Қала күніне орай ұйымдастырылған республикалық «JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы мәресіне жетті. Бұл туралы Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Халықаралық деңгейдегі WorldSkills чемпионатының талаптарына сай өткен бұл дода жас буынға қабілетін танытып қана қоймай, болашағы зор мамандықтарды игеруге жол ашты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сайысқа елдің түкпір-түкпірінен келген 17 өңірдің 9-10 сынып оқитын 75 оқушы қатысты.
Іс-шараны ұйымдастыруға «Талап» АҚ, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Алматы қаласының Білім басқармасы атсалысты. Байқау алаңдарын қаладағы 11 мемлекеттік колледж ұсынды. Қатысушылар мына бағыттар бойынша бақ сынады: электрмонтаж жұмыстары, веб-технологиялар, мобилография, «ақылды үй» технологиялары, графикалық дизайн, аспаздық өнер, мейрамхана сервисі, наубайшылық ісі, сән өнері, шаштараз ісі, автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік үштікке Алматы қаласы, Ақтөбе облысы және Абай облысы енді. Байқау дарынды жастарды анықтайтын, жұмысшы мамандықтың беделін көтеретін әрі мектеп оқушыларының кәсіби дағдыларын шыңдайтын ерекше алаң болды.
«Бұрын жастар негізінен экономист не заңгер мамандығына қызығатын. Ал қазір «аспаздық іс», «графикалық дизайн», «мобилография» бағыттарына сұраныс артты. Бұл бізді қатты қуантады. Мұндай байқаулар оқушылардың болашақ мамандығын тезірек таңдауға көмектеседі», - дейді Алматы мемлекеттік бизнес-колледжінің директоры Айгүл Мұқажанова.
Чемпионат аясында қала әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен «Менің болашақ мамандығым» жәрмеңкесі өтті. Онда 2200-ден астам алматылық мектеп оқушысы колледждермен, білім беру бағдарламаларымен танысып, үздік мамандар өткізген шеберлік дәрістеріне қатысты.
«JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы Алматының білім беру мен кәсіби дайындық саласындағы инновациялар мен көшбасшылық бастамалардың орталығы ретіндегі мәртебесін тағы да дәлелдеді.