2025 жылғы 23 қыркүйекте Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камаловтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Отырыс бейнеконференциялық байланыс форматында өтті, оған орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкім орынбасарлары, сондай-ақ төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары, ТЖМ қызметкерлері мен жауапты мамандар қатысты.
Отырыс барысында газбен жабдықтау жүйесінің нысандарын қауіпсіздікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы оқу үдерісі мен азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша аумақтарды дамыту жоспарларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша төтенше жағдайлар, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ «Қазақ Газ Аймақ» акционерлік қоғамының басшысы баяндама жасады. Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірлерінің әкім орынбасарлары да тыңдалды.
Отырыс барысында газбен жабдықтау жүйесін жетілдіру, тұрғын үй инспекциясының жұмысын жақсарту мәселелері көтерілді. Бұл ретте нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, тексерулер нәтижелері бойынша анықталған проблемалық аймақтарды ескере отырып, газ құбырлары мен газ тарату жүйелерінің техникалық жағдайы, азаматтық қорғаныс саласындағы білім беру және ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Сонымен қатар азаматтық қорғаныс бойынша аумақтарды дамыту жоспарларын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-министр мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға еліміздің халқы мен аумағының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдауды тапсырды.