Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары отандық өнеркәсіп өнімінің өткізілуін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған отырыс өткізді. Мысал ретінде «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-нің тәжірибесі қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Отырыс барысында өңдеу өнеркәсібін, оның ішінде ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті терең өңделген өнім өндіруді дамытуға қатысты негізгі мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасында тиімді әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға ерекше көңіл бөлінді.
Сенаторлар мұнай-газ химиясы саласының даму болашағын, еліміздегі Тауар өндірушілер реестрін цифрландыруды, өнімді түрлері мен өңірлер бойынша тұтыну талдауын, сондай-ақ экспорттық мүмкіндіктер мен сыртқы нарықтардағы сұранысты талқылады.
«Өңдеу өнеркәсібі – еліміздің экономикалық өсімі, тұрақтылығы мен технологиялық ілгерілеуінің негізгі факторларының бірі. Бұл сала жоғары технологиялы жұмыс орындарын ашып, экспорттық әлеуетті арттырады және ұлттық экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді», - деді сенатор Сағындық Лұқпанов.
Отырыс қорытындысы бойынша саланы кешенді дамытуға бағытталған ұсыныстар айтылды. Басты басымдықтар ретінде заңнамалық базаны жетілдіру, цифрлық құралдарды енгізу және мекемеаралық өзара іс-қимылды нығайту екені атап өтілді. Мұндай тәсіл өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.