Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді

2761
Фотосурет: @pressfoto / freepik.com

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдегі мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының қызметіне жүргізілген талдау нәтижелерін қорытындылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жүргізілген талдау аясында аталған кезеңде 349 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Олардың 34-і мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары мен өзге де уәкілетті құрылымдардың ұсынымдары негізінде, ал 315-і тәртіптік комиссиялардың отырыстарында алдын ала қаралмастан жауапкершілікке тартылған.

Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібінің бұзылғаны анықталды: қызметкерлерден жазбаша түсініктеме талап ету мерзімдерінің сақталмау фактілері тіркелген, ал жекелеген жағдайларда түсініктемелер мүлдем сұралмаған. Сондай-ақ тәртіптік жаза қолдану мерзімдерінің бұзылғаны жөнінде деректер анықталды.

Талдау жұмыстың нәтижелері бойынша заңдылықты қалпына келтіру мақсатында белгіленген тәртіпті бұза отырып қабылданған тәртіптік жаза қолдану туралы 23 актінің күші жойылды.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде мемлекеттік қызметшіні атқарып отырған лауазымынан негізсіз төмендету фактісі анықталды. Уәкілетті органның араласуы нәтижесінде аталған акт заңсыз деп танылып, қызметші белгіленген тәртіппен бұрынғы лауазымына қайта тағайындалды.

Тәртіптік комиссияның құрамын қалыптастыру барысында бұзушылықтар орын алуда: жұмыс берушілер тарапынан тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарауға уәкілетті тұлғалар (депутаттар мен жергілікті қауымдастық өкілдері) сайланбалы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қатысты комиссия құрамына енгізілмей отыр.

Тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау тәртібінің бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, мерзімінен бұрын алып тастау туралы шешімдер тиісті өкілеттігі жоқ тұлғалардың ұсыныстары негізінде қабылданған. Анықталған бұзушылықтарға байланысты тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау жөніндегі 9 актінің күші жойылды.

Жүргізілген талдау нәтижелері Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша басшыларға осындай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылдау жөнінде ұсынымдар берілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -