Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 және 3502 әскери бөлімдерінде болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
6656 әскери бөлімінде Бас қолбасшы казарма қорының, оқу сыныптарының, спорт залдарының және жеке құрамның күнделікті қызметі мен дайындығына арналған өзге де инфрақұрылым нысандарының жағдайын тексерді. Әсіресе мерзімді қызметтегі сарбаздардың тұрмыс жағдайына, тамақтану мен медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Айта кетсек, әскери бөлім аумағындағы бірқатар ғимараттар жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жөндеуден өтіп, әскери қызметшілер үшін жайлы тұрмыс пен қызмет жағдайын жасауға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетуді қамтамасыз ететін 3502 әскери бөлімі тәртіп пен жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін көрсетті. Сапар барысында ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысына «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің қызметі, қару-жарағы, жабдықталуы жайлы ақпарат беріліп, жауынгерлердің қызмет өткеру жағдайлары таныстырылды.
А. Балтабеков жеке құрамның жауынгерлік қызметін үздіксіз жетілдірудің және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Сапар соңында Бас қолбасшы әскери қызметшілердің қызмет жағдайларын одан әрі жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, тұрмыстық инфрақұрылымды жетілдіру, оқу-материалдық базаны жаңарту және бөлімдерде моральдық-психологиялық ахуалды нығайту міндеттері қойылды.
Бұл бақылау Ұлттық ұланның жауынгерлік әзірлігін нығайтуға, жеке құрамның кәсіби дайындығын арттыруға және әскери қызмет өткеруге қолайлы жағдай жасауға бағытталған жоспарлы жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.