Шымкентте әскери міндеттілермен кешенді оқу-жаттығулар өтті

583
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Шымкент қаласындағы Бадам су қоймасында әскери міндеттілер мен аумақтық әскерлердің жеке құрамының қатысуымен он күндік жиындардың қорытынды кезеңі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ірі ведомствоаралық оқу-жаттығулар төтенше жағдай жағдайында стратегиялық нысандарды қорғау мен күзетуде өзара іс-қимыл мен үйлестіруді пысықтауға бағытталды.

Іс-шара барысында қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдар, соның ішінде әлеуметтік тұрақсыздық пен диверсиялық әрекеттерді бейтараптандыру жаттықтырылды. Оқу-жаттығу аңызы бойынша, дағдарыстық жағдай су тапшылығына наразы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік наразылығынан басталды. Белгіленген тәртіпке сәйкес, Шымкент қаласының құқық қорғау органдарының бөлімшелері нысанды күзетуді күшейту және келіссөздер жүргізу үшін жедел жұмылдырылды. Нәтижесіз аяқталған келіссөздерден кейін тәртіпсіздіктің белсенді қатысушылары ұсталды.

Одан кейін су қоймасын күзетуге әскери міндеттілерден тұратын аумақтық қорғаныс ротасы тартылып, ол полиция департаменті бастығының қарамағына берілді. Ортақ күшпен стратегиялық нысанды айналдыра қорғаныс ұйымдастырылды. Оқу-жаттығудың қорытынды кезеңінде, аумақтық қорғаныс күштері шартты қарсыластың бірнеше үйлестірілген шабуылына тойтарыс берді. Су арқылы бөгетке жақындауға тырысқан диверсиялық-барлау тобы қайықпен келмек болды. Бірақ олар дер кезінде анықталып, бейтараптандырылды. Шартты қарсылас әскери міндеттілердің талаптарына бағынбағаннан  кейін, олар залалсыздандырылып, жүзу құралы тәркіленді. Құрлықтан белгісіз көлікпен тоқауыл-бекетке шартты шабуыл жасалды, сондай-ақ шлюз жабдықтарын басып алмақ болған қарулы топтың шабуылы тойтарылды. Қауіпті жою үшін «Арлан» тобы брондалған техникамен қарсыласты оқ күші арқылы басып-жаншыды.

Оқу-жаттығу барысында қосымша «жараланғандарға» алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт сөндіру, жергілікті аумақты тінту және ұсталғандарды жеткізу міндеттері де пысықталды. Жаттығулар жалпы дабылдың тоқтатылуын білдіретін шартты белгі берілгеннен кейін аяқталды. Бөлімше командирлері қойылған міндеттердің орындалуы туралы баяндап, қару-жарақтың жағдайын тексерді.

Өткізілген оқу-жаттығулар барлық қатысушы құрылымдардың – аумақтық әскерлердің, полицияның, ІІМ арнайы бөлімшелері мен әкімдіктің жоғары дайындық деңгейін және үйлесімді іс-қимылын айқын көрсетті. Алынған тәжірибе қала мен өңірдің аса маңызды инфрақұрылымын кез келген қауіптен сенімді қорғауға мүмкіндік беретініне сенімділік береді, – деді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Бақытжан Әшімов.

Ауыл шаруашылығы аймақтары мен Шымкент кәсіпорындарын сумен қамтамасыз етіп отырған Бадам су қоймасы – мемлекеттік маңызы бар нысан. Оқу-жаттығулар барысында пысықталған іс-қимыл алгоритмдері талданып, өңірдің қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіруде қолданылатын болады.

Айта кетсек, аумақтық қорғаныс бригадасының күзгі арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиынына 93 әскери міндеттіні қабылдады. Олар онкүндік жиын аясында мемлекеттік-құқықтық дайындық, тактикалық, арнайы және атыс даярлығы секілді негізгі бағыттар бойынша білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдады. Жалпы оқу 18 түрлі пән бойынша жүргізілді. Олардың қатарында блок-бекеттердегі іс-қимылдар, қарауыл қызметін орындау, шартты қарсыластың шабуылына төтеп беру, стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау мен қорғану тәсілдері бар.

Айта кету керек, оқу-жаттығу жиыны кезінде әскери міндеттілердің негізгі жұмыс орны мен жалақысы сақталады. Сонымен қатар оларға арнайы қаржылай өтемақы, киім-кешек және тамақпен қамтамасыз ету қарастырылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -