Астана қаласының прокуратурасы «Заң және тәртіп» қағидаты аясында елорданың «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету және қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру, деп хабарлайды DKNews.kz.
Нұра ауданы әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Жансейіт Тынбаевтың айтуынша, мұндай акциялар мемлекет пен қоғам арасындағы тікелей диалог үшін маңызды алаңға айналды.
Оның сөзінше, шамамен мыңға жуық азамат онлайн форматта да, сондай-ақ әкімдік пен прокуратура өкілдерімен тікелей кездесулерде де түрлі бағыттар бойынша білікті кеңес алды.
Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Ерлан Шакиров акция Астананың әртүрлі аудандарында өткізіліп, қаланың ең ірі нысандарын қамтып отырғанын атап өтті.
«Қыркүйек айында мұндай әлеуметтік акциялар Астананың алты ірі сауда-ойын-сауық орталығында өтті. Негізгі мақсат – азаматтарға құқықтарын түсіндіру, нақты мәселелерін шешуге көмектесу және құқықбұзушылықтар санын азайту», – деді ведомство өкілі.
«Құқықтық дәріхана» форматы өзінің тиімділігін дәлелдеді: тұрғындар прокуратура өкілдеріне тікелей жүгініп, өздерін толғандырған тақырыптар бойынша кәсіби кеңес ала алады.