Maksut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ресми өкілі Әлібек Әбділов дәріс оқыды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Дәріс ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтің қолдауымен ұйымдастырылып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталды.
Кездесу барысында студенттермен журналистика саласындағы өзекті үрдістер, құқық қорғау органдары мен Ұлттық ұлан қызметін жариялаудың ерекшеліктері талқыланды.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, мемлекеттік органдардың қоғаммен өзара іс-қимыл тетіктері мен медиасауаттылық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Студенттер практикалық мысалдарға қызығушылық танытып, ақпарат таратудың жаңа форматтары туралы сұрақтар қойды. Әңгіме барысында кәсіби журналистика мен заманауи коммуникациялар қоғам мүддесіне қызмет етіп, сенім мен ашықтықты нығайтуға қалай үлес қоса алатыны айтылды.