Астанада полиция заңсыз студияның қызметін тоқтатты.
“Стоп трафик” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Астана қаласы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері елордадағы сол жағалауда орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінің жертөлесінде жұмыс істеген студияның қызметін тоқтатты.
Аталған орын интернет желісінде жарияланған арсыз жарнама арқылы әшкереленді. Бұл дерек бойынша нысан иесі анықталып, заңда белгіленген тәртіппен тексеру жүргізіліп, жауапкершілікке тарту шаралары қабылдануда.
Мұндай орындар қоғамның моральдық құндылықтарына, мәдени мұрасына айтарлықтай қатер төндіреді. Әсіресе елорда — рухани әрі мәдени дамудың үлгісі болуы тиіс қала. Азғындыққа құрылған жалған “көңіл көтеру” түрлерінің таралуы жастарға кері әсерін тигізеді.
Полиция халықты арсыздыққа итермелейтін, қоғамдық мораль қағидаларына қайшы кез келген әрекет қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді.
Азаматтарды қырағылық танытып, күмәнді қызметтерді жарнамалау немесе заңсыз әрекеттерге қатысты барлық деректер жөнінде ішкі істер органдарына дереу хабарлауға шақырамыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қоғамдық қауіпсіздікті, ар-ұят тазалығын және еліміздің мәдени мұрасын сақтап қала аламыз.