Қарағандылық спортшылар Ақтауда өткен қолма-қол ұрыс бойынша әлем чемпионатында жеті медаль жеңіп алды

1386
Фотосурет: Gov

Ақтауда жасөспірімдер мен жастар арасында өткен қол күрестен әлем чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғаған жеті спортшы жалпы жеті медаль жеңіп алды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жарысқа 14 пен 23 жас аралығындағы 23 елден 312 спортшы қатысты. Олардың барлығы – өз аймақтарының үздік спортшылары. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жаттықтырушысы Бахтияр Рақымжанның айтуынша, ең мықты қарсыластар Өзбекстан мен Ресейден келген спортшылар болды. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, қазақстандық атлеттер жоғары нәтиже көрсетті.

Барлық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша алтын медальды Нияз Матай жеңіп алды. Сондай-ақ, Дильназ Кәрібаева да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Өз жас санаттарында Сұлтанәли Діңқабыл, Назар Болат және Мадияр Амантай күміс медальға ие болды. Ал Сағыныш Асылбекова мен Елизавета Коломицева қола медаль еншіледі.

– Қол күресі әскери-қолданбалы спорт түріне жататындықтан, біздің мақсатымыз тек чемпион тәрбиелеу емес. Олар кәмелет жасына толып, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін көбінесе мемлекеттік қызметке, ІІМ-ге, арнайы жасақтарға жіберіледі. Біздің тәрбиеленушілеріміздің кейбірі 18 жастан асқан соң ТЖМ-де және арнайы бөлімшелерде қызмет етіп жүр, – дейді Бахтияр Рақымжан.

Биыл қарағандылық спортшылар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Қаңтар айынан бері алты атлет әлем чемпионы атанды. 

Олардың қатарында Нияз Матай, Мария Чебатарёва, Мадияр Амантай, Айгерім Жарасова, Дахар Терлікбаев пен Мадина Алданияз бар.

– Бұл жетістіктерге біздің дене шынықтыру және спорт басқармасының жан-жақты қолдауының арқасында қол жеткіздік. Олар сапарларды ұйымдастырып, барлық жағдайды жасайды. Сондай-ақ бізде демеуші бар – кәсіпкер Медет Жахметов. Оның қолдауы үшін шәкірттерімнің атынан зор алғысымды білдіремін, – деп атап өтті жаттықтырушы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -