«1000 бейіндік сынып» бағдарламасы Қарағанды облысында жүзеге асырылуда

1034
Фотосурет: Gov

Қарағанды қаласындағы №4 мектепте оқушыларға құрылыс саласының мамандықтарымен танысуға мүмкіндік беретін жаңа бейіндік кабинет ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жобаны Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі мен әлеуметтік серіктестер бірлесе жүзеге асырды.

Кабинет оқу үлгілері мен арнайы құрал-саймандармен жабдықталған, бұл оқушыларға теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға жол ашады. Жаңа оқу жылы басталар алдында кабинет толықтай жаңғыртылды: жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалдарын «Тұрғын үй қоры» компаниясы бөлсе, ескі үстелдер мен орындықтарды колледждің жиһаз жасау бөлімінің студенттері шеберлердің жетекшілігімен қайта қалпына келтірді. Әлеуметтік серіктестер алдағы уақытта да шеберлік сабақтары мен практикалық жұмыстарға қажетті материалдарды тұрақты түрде жеткізуді жоспарлап отыр.

Жаңа кабинет «1000 бейіндік сынып» бағдарламасы аясында ашылып, ерте кәсіби бағдар беруді дамытуға әрі өңір үшін болашақ мамандарды даярлауға бағытталған.

– Бейіндік сыныптың ашылуы – Президенттің мың бейіндік сынып құру бастамасын жүзеге асырудағы алғашқы қадам. Біздің басты мақсатымыз – оқушыларға құрылыс саласының мамандықтарымен жақынырақ танысуға жағдай жасау, техникалық бағыттарға қызығушылығын арттыру және ерте кәсіби бағдар алуға мүмкіндік беру. Жаңа кабинетте балалар тек теориялық білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде де тәжірибеден өткізе алады, – деді Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің директоры Әсел Сапарова.

Құрылыс шеберлігінің негіздерін жаңа кабинетте мектептің орта және жоғары буын оқушылары меңгереді. Алдағы уақытта колледж осындай жобалардың ауқымын кеңейтіп, өңірдің басқа мектептерінде де енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама мүмкіндігінше көп оқушыны құрылыс пен техникалық мамандықтармен таныстыруға бағытталған.

Қарағанды облысында жалпы бейіналды даярлық жүйесі де дамып келеді. Өткен оқу жылында өңір мектептерінде «Медициналық сынып», «Педагогикалық сынып», «Экологиялық сынып», «Агросынып» бағыттары бойынша 205 топ құрылды. Сондай-ақ «Автослесарь», «Аспаз-кондитер», «Шаштараз-визажист», «Жас құтқарушы», «Робототехника» және басқа да үйірмелер ашылды. Ал 2025–2026 оқу жылында IT, металлургия сынды салаларды қамтитын тағы 58 бейіндік сынып іске қосылады. Бағыттар аймақтың әлеуметтік-экономикалық сұранысына сәйкес таңдалады.

Мектеп қабырғасындағы сабақтармен қатар, оқушылар кәсіпорындарға және колледждерге барып, заманауи технологиялармен, оқу шеберханаларымен және зертханалармен танысу мүмкіндігіне ие болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -