Маңғыстау облысында «Айбалта-2025» оқу-жаттығуына қатысушыларға арнап концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Маңғыстау ауданына қарасты Сайөтес елді мекенінде мәдениет қызметкерлері «Айбалта-2025» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысушы әскери қызметшілерге арнап концерттік бағдарлама ұсынды.
Іс-шара барысында патриоттық әндер мен музыкалық шығармалар орындалып, жауынгерлерге рухани серпіліс сыйлады. Көтеріңкі көңіл-күй жауынгерлердің өз күшіне деген сенімін арттырып, оқу-жаттығу міндеттерін табысты орындауға ынталандырды. Сонымен қатар, Отанға деген мақтаныш сезімін тереңдете түсті.
– Оқу-жаттығу кезінде біз тек жауынгерлік дайындыққа ғана емес, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйіне де ерекше көңіл бөлеміз. Мұндай рухани іс-шаралар сарбаздардың жауынгерлік рухын жоғары деңгейде ұстауға ықпал етеді және әрбір патриоттың жүрегінде Отан бар екенін еске салады, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Жұмағазиев.
Әскери қызметшілер өнерпаздарға ыстық ықылас танытып, көңіл бөлгені мен қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, шығармашылық ұжыммен кездесу сарбаздарға қуат беріп, алдағы оқу-жаттығу тапсырмаларын сапалы орындауға жігер сыйлайды.