Картон мен матадан жасалған лэпбуктер Science on Stage Kazakhstan қазылар алқасының көңілінен шықты

1166
Фотосурет: Gov

Қарағанды қаласындағы Оқушылар сарайының «Кәусар» STEM-зертханасының педагогы Наталья Колчева республикалық кезең жеңімпаздарының қатарынан табылып, халықаралық Science on Stage Europe фестивалінде Қазақстанды таныстыру құқығына ие болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ол байқауға қарапайым әрі қызықты жобасын ұсынып, жеті үздік ұстаздың бірі атанды.

Наталья Колчеваның жобасы – лэпбуктар. Бұл – мата қапталып, қанық түстермен әрленген үлкен форматтағы картон «кітаптар». Ішінде белгілі бір тақырыптарға арналған ақпараттық материалдар, тапсырмалар мен жаттығулар салынған қалташалар, дорбашалар мен қыстырмалар орналасқан.

– Бәрі үйімде жиналып қалған тұрмыстық техниканың картон қораптарынан басталды. Оларды жай ғана тастауға қимай, пайдаға жаратқым келді. Осылайша лэпбук жасау идеясы пайда болды. Ағылшын тілінен аударғанда «тізедегі кітап» дегенді білдіреді. Біз балалармен бірге оларды бояп, суреттеп, мата қаптап, қалташалар тіктік, ақпарат пен тапсырмалар жазылған карточкалар әзірледік. Нәтижесінде жаңа тақырыптарды меңгеріп, білім мен дағдыларды бекітуге арналған тамаша құрал шықты, – дейді Наталья Колчева.

Мұндай лэпбуктар STEAM-форматтағы оқытуға жатады. Бұл тәсіл бес бағытты қамтиды: ғылым, техника, инженерия, өнер және математика. Педагогтың айтуынша, материалдардың шектеулі болуы балалардың шығармашылық ойлауын дамытып, қиялын ұштайды.

– «Science on Stage Kazakhstan» байқауындағы жобаларды бағалаудағы басты талап – оны кез келген елдің кез келген мектебінде, тіпті ең қарапайым ауылдық білім ошағында да жүзеге асыру мүмкіндігі. Сол себепті қымбат жабдықты немесе заманауи 3D-принтерді қажет ететін жобалар іріктеуден өтпей қалды. Өйткені мұндай жағдай барлық жерде жасала бермейді, – деп түсіндірді ол.

Қазір Наталья 2026 жылдың мамыр айында Литваның Клайпеда қаласында өтетін халықаралық Science on Stage Europe фестиваліне дайындалуда. Мұнда әр елдің үздік ұстаздары өз жобаларын ұсынып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасады. Фестивальде жеңімпаздар мен жеңілгендер болмайды. 

Оның басты мақсаты – білім саласындағы тәжірибе бөлісу және STEM мен STEAM стандарттарын түрлі елдердің оқу жүйесіне енгізу.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -