Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Абай облысында 807 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 23790 нысан толықтай бейімделген.
Бүгінгі таңда Абай облысында 807 нысан бейімделді. 2027 жылдың соңына дейін 464 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:
- денсаулық сақтау нысандары– 150;
- білім беру нысандары – 281;
- мәдениет нысандары – 63;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 150;
- спорт нысандары – 14;
- әлеуметтік қорғау нысандары – 4;
- көлік инфрақұрылымы нысандары – 10;
- қоғамдық тамақтану – 8;
- сауда нысандары менойын-сауық орталықтары – 112;
- басқада нысандар – 15.
«Қаладағы көптеген нысандар қолжетімді болды, қазір қызметтерді алу жеңіл әрі ыңғайлы. Мен өзімді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінемін, өйткені кедергісіз ортаға нақты жағдайлар жасалған. Қаланың өзгерістері айқын көрінеді, бұл жай ғана символизм емес, шынайы оң үрдіс екені байқалады», – деп атап өтті Семей қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедектігі бар Нұрғали Жақыпов.
Бұдан басқа, Абай облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2025 жылдың басынан бастап профилактикалық бақылау шеңберінде 12 және жоспардан тыс бақылау шеңберінде 9 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 11 нұсқама енгізілді.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.