Астанада бір топ адам жасаған алаяқтық пен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тергеуді ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті жүргізді.
Тергеу барысында анықталғандай, 2023 жылы күдікті әйел, ұлының атынан берілген сенімхат негізінде әрекет етіп, "Банк ЦентрКредит" АҚ-нан жалпы сомасы 115 млн теңге болатын екі несие рәсімдеген. Несие "ДАМУ" кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайтын мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында алынған.
Несие алу мақсатында банкке жалған құжаттар, оның ішінде мүлікті кепілге қою бойынша жалған бағалау актілері ұсынылған. Оң қорытынды алу үшін күдіктілер нарықтық құнына сәйкес келмейтін жылжымайтын мүлікті атына рәсімдеген аффилирленген тұлғаларды тартқан.
Сондай-ақ, 2023 жылдың желтоқсанында күдіктілер қатерлі ісікпен ауырған әйелдің атына 155 млн теңге көлемінде тағы бір несие рәсімдеген.
Нан пісіру жабдықтарын сатып алу желеуімен олар әйелдің электрондық цифрлық қолтаңбасына (ЭЦҚ) пайдаланып, жалған келісімшарттар, шот-фактуралар, орындалған жұмыстар туралы актілер әзірлеген. Бұл құжаттар жабдықты жеке кәсіпкерлер жеткізгенін растағандай болғанымен, іс жүзінде ешқандай жеткізу болмаған.
Алынған қаражат жеке кәсіпкерлердің шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Әйел қайтыс болғаннан кейін де ұйымдастырушылар жалған құжаттарды кейінгі күнмен рәсімдеуді жалғастырған.
Тергеу барысында банк қызметкерінің несие өтінімдерін рәсімдеуге көмектескені үшін 500 мың теңге көлемінде сыйақы алғаны анықталды.
Банкке келтірілген жалпы шығын 155 млн теңгені құрады.
Сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған кірістерге сатып алынған демалыс базасы, 2000 шаршы метр жер телімі, елордадағы коммерциялық жылжымайтын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.