2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша халықтың Қазақстан банктеріндегі ұлттық валютадағы ұзақмерзімді салымдары 7,9 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 10%-ға артық.
Жалпы алғанда, теңгедегі ұзақмерзімді депозиттер нарығы тұрақты әрі қарқынды өсім көрсетіп отыр, бұл — қазақстандықтардың қаржы жүйесіне және ұлттық валютаға деген сенімін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Салыстырар болсақ, 2024 жылы мұндай салымдардың көлемі 7,1 трлн теңгені, 2023 жылы 5,8 трлн теңгені, 2022 жылы 4,1 трлн теңгені құраса, ал бес жыл бұрын, 2020 жылы небәрі 2,3 трлн теңге болды. Демек, соңғы бес жылда нарық көлемі 3 еседен астам өскен, ал орташа жылдық өсім қарқыны 28%-ды құрайды.
Қазақстандағы барлық ЕДБ ішінде ұзақмерзімді депозиттердің көлемінің өсімі бойынша Отбасы банк көш бастап тұр: салымдар бір жылдың ішінде 208,5 млрд теңгеге немесе 9,1%-ға көбейді. Мұндай жоғары өсімнің басты себебі — қазақстандықтардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне (ТҮҚЖ) ерекше қызығушылығы. Осылайша, Отбасы банк қаржылық сауаттылықты арттыруға үлес қосуда: халық шығындарын алдын ала жоспарлауды, қаражатты ұзақ мерзімге сақтауды және жинақ қаражатты нақты өмірлік мақсатқа — баспана алуға бағыттауды үйреніп келеді.
Банк ТҮҚЖ жүйесінің арқасында өз клиенттік базасын тұрақты түрде кеңейтіп келеді: тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың саны жыл сайын артуда, Отбасы банкінің ұзақмерзімді салымдар құрылымындағы үлесі де жоғары — бүгінде ол 32%-ға жетті. Ал ТҮҚЖ жүйесіне қатысушылардың экономикалық тұрғыдан белсенді халық құрамындағы үлесі 29,8%-ға жетті (салыстыру үшін: 2019 жылы олардың үлесі 16,9%-ды құрады).
Ұзақмерзімді салымдардың жылдық өсімі бойынша екінші орынға Bereke Bank орналасты: салымдар 152,6 млрд теңгеге артты. Мұндай өсім жоғары мөлшерлемелер мен белсенді жүргізілген маркетингтің арқасында қалыптасып отыр.
Үшінші орынға Kaspi Bank жайғасты: салымдар 100,4 млрд теңгеге көбейді. Мобильді қосымша мен жинақ депозитінің іске қосылуы салымшылардың қызығушылығын арттырып, салымдардың артуына себеп болды.
Айта кетерлігі, Қазақстандағы барлық ЕДБ бірдей өсім көрсете алмады: қарастырылған 15 қаржы институтының алтауы теріс динамика көрсетті. Бұл банктерде салымдар 21 млрд теңге көлемінде азайды.
Теңгедегі ұзақмерзімді депозиттердің тұрақты өсімі халықтың қаржылық сауаттылығының артқанын әрі еліміздегі банк жүйесінің беріктігін айғақтайды. Бұл үрдісті экономикалық дамуға оң әсер ететін фактор ретінде қарастыруға болады, себебі ол ұзақмерзімді инвестицияларға негіз болып, қаржы нарығының ішкі тұрақтылығын күшейтеді.
Жалпы, ұзақмерзімді салымдардың өсімінің бірнеше маңызды тұсы бар — олар төмендегі ақпараттық кестеде толығырақ көрсетілген.