Полиглот ұландықтар Чемпиондар лигасы матчы кезінде тәртіпті қамтамасыз етуге көмектеседі

1210
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Алматының Орталық стадионында футболдан бүгін ерекше тартысты кездесу өтпек, деп хабарлайды DKNews.kz.

Чемпиондар лигасы аясында жасыл алаңға алматылық «Қайрат» пен әлем футболының аңызына айналған «Реал Мадрид» шығады. Көрерменге лық толатын стадионға қазақстандық жанкүйерлермен қатар шетелден де қонақтар келеді.

Арена ішінде де, сыртында да тыныштық пен қауіпсіздікті ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінің мыңнан астам әскери қызметшісі қамтамасыз етеді.

Солардың қатарында - қатардағы жауынгерлер Ержан Жарков пен Руслан Тілеуқабыл бар.

Ұлттық ұлан қатарына Ақтаудан шақырылған Ержан Жарков  қазақ, орыс, ағылшын, испан және француз тілдерін еркін меңгерген. Ол күн сайын Алматы көшелерінде патрульде жүріп, тұрғындарға да, туристерге де көмек көрсетеді.

Қонаев қаласының тумасы Руслан Тілеуқабыл да қазақ, орыс, ағылшын, неміс және жапон тілдерінде еркін сөйлей алатын - полиглот. Оның шетелдіктермен тез тіл табысу қабілеті әсіресе ірі халықаралық іс-шаралар кезінде аса қажет.

Қызмет барысында екеуі де тәртіпті әрі жауапты ұландық ретінде өзін көрсете білді. Олардың көп тілде сөйлей алатындығы шетел азаматтарының сенімін арттырып, қызметтің тиімділігін күшейтеді.

Футбол - әлем халқын біріктіретін құндылық. Біздің міндетіміз — жанкүйерлердің тек ойынға ғана алаңдап, өздерін қауіпсіз әрі еркін сезінуіне жағдай жасау, - деді қатардағы жауынгер Руслан Тілеуқабыл.

Ұлттық ұланның Ержан Жарков пен Руслан Тілеуқабыл секілді жауынгерлері ел ішінде заң мен тәртіптің берік тірегіне айналып отыр. Олар Алматы көшелерінің тыныштығын күзетіп қана қоймай, Қазақстанның қонақжай әрі қауіпсіз ел ретіндегі бейнесін де айшықтай түсуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -