Астанада әскери колледждің курсанттары қарттарға қамқорлық жасап, мерекемен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің тәрбиеленушілері «» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды.
Көп жылдан бері Қарулы күштердің әскери қызметшілері игі дәстүрді сақтай отырып, соғыс және еңбек ардагерлерін, зейнеткерлер мен қарт адамдарға қолдау көрсетіп келеді.
"Бұл мереке – жасты еске салу емес, аға буынның даналығы, борышқа адалдығы мен өмірлік төзімділігі үшін шынайы құрмет пен ризашылық білдіру мүмкіндігі" Колледждің тәрбиеші офицері майор Азамат Үсенбаев
Колледж тәрбиеленушілері орталық қызметкерлеріне аумақты тазалауға көмектесіп, шағын мерекелік концерт ұйымдастырып, тәтті тағамдар алып келді. Ең бастысы – мекеме тұрғындарына шынайы көңіл мен жылы қарым-қатынас сыйлады.
Қарттар қонақтарды қуана қарсы алып, жастық шағындағы естеліктерімен бөлісіп, өмірлік оқиғаларын айтып, жастармен жылы лебіздер алмасты.
"Жастық жүректе өмір сүреді. Бүгінгі балалардың келуі бізге нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Курсанттарға мейірімділігі мен құрметі үшін алғысымды білдіремін. Барша қарттарға денсаулық пен жан тыныштығын тілеймін" деп бөлісті бұл жерде сегіз жылдан астам уақыт тұрып жатқан Игорь Толкачев
Орталық басшылығы Қорғаныс министрлігіне және колледж тәрбиеленушілеріне көрсеткен қамқорлықтары мен қолдаулары үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 1989 жылы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен құрылған және көп жылдан бері қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды күтім көрсету қызметін ұсынып келеді.