«Айбалта» оқу-жаттығуында барлаушылар қорғаныс пен шабуыл жағдайындағы тапсырмаларды орындау шеберлігін көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Айбалта-2025» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында барлау бөлімшелерінің әскери қызметшілері тактикалық іс-қимылдарды пысықтады.
Жаттығу кезеңдерінің бірінде әскери барлаушылар шартты қарсыластың тылында күндізгі және түнгі жағдайларда барлау жүргізуге арналған кең ауқымды тапсырмаларды орындады. Олар белгіленген шептерге жасырын жылжып, бақылау бекеттерін жабдықтап, барлау деректерін жедел түрде штабқа жеткізді.
Барлық іс-қимылдар заманауи барлау құралдарын қолдана отырып жүргізілді. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен радиоэлектрондық бақылау жүйелері кеңінен пайдаланылды.
"Барлау бөлімшелері өздеріне жүктелген тапсырмаларды сәтті орындады. Бұл олардың қорғаныс пен шабуыл жағдайында да тиімді әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Жеке құрам күрделі жағдайларда жасырын, шапшаң әрі үйлесімді әрекет ету шеберлігін танытты. Оқу-жаттығу барлаушылар мен жалпы әскери бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, жауынгерлік машықты арттыруға ықпал етті" ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы барлау бас басқармасының бастығы полковник Динар Құрбанбаев
Оқу-жаттығу басшылығы жеке құрамның жоғары кәсіби дайындығын, өзгермелі тактикалық және шектеулі көріну жағдайында әрекет ету қабілетін ерекше атап өтті.
Барлаушылардың іс-қимылдарының нәтижесінде алынған деректер ұрыста дұрыс шешімдер қабылдауға және әскерлерді тиімді басқаруға мүмкіндік берді.