Алматыда ORGANIC EXPO 2025 форумы өтті

924
Фотосурет: Gov

Алматыда ORGANIC EXPO 2025 форумында органикалық ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алматыда Орталық Азия елдерінде органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға арналған халықаралық ORGANIC EXPO 2025 форумы өтті.

Онда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, БҰҰДБ, ФАО, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар мен Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түрікменстан және басқа да елдерден келген делегация өкілдері, «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті», Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «Органик ЭКСПО-2025» (QazaqBioControl, Organic Village), Органикалық өнім өндірушілер одағы мүшелері бас қосты.

Форум аясында қатысушылар аграрлық секторды дамытудың өзекті сұрақтарын талқылап, климаттың өзгеруі, экологияның нашарлауы және экологиялық таза өнімге тұтынушылық сұраныстың артуы жағдайында органикалық егіншіліктің маңызы арта түскенін назарға алды.

«Органикалық өнімге сұраныс әлем бойынша жыл сайын 8–10%-ға өсуде. Бұл жай ғана әуестік емес, керісінше созылмалы аурулардың көбеюі мен өмір сапасының өзгеруіне байланысты туындап отырған қажеттілік», — деп атап өтті сарапшылар.

Сондықтан органикалық өнім саласында Қазақстанның да белсенділігі жоғары. Қазіргі уақытта сертификатталған органикалық жерлердің көлемін арттырып, отандық өндірушілер бәсекеге қабілетті өнімдерімен экспорт нарығына шыға бастады.

Басқосу аясында ара шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жоғары сапалы әрі табиғилығымен ерекшеленетін қазақстандық бал ішкі және сыртқы нарықта әрдайым сұранысқа ие.

Жалпы форум бағдарламасы Орталық Азиядағы органикалық ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы мен болашағына, экспорт пен ішкі нарықты дамытуға, инновациялар мен агроэкологиялық тәжірибелерді енгізуге арналған панельдік сессияларды қамтыды.

Германиялық сарапшылар органикалық саланы дамытудың инновациялық тәжірибесін ұсынып, органикалық өндірісті ұйымдастыру мен маркетинг саласындағы озық үлгілерн ортаға салды.

Ал көшпелі бөлігінде жиналғандар  Алматы облысындағы Organic Village фермасына барып, органикалық ауыл шаруашылығы саласында кадрлар даярлауға арналған жаңа білім беру жобасы — «Фермерлер мектебінің» ашылуына қатысты.

Сонымен қатар, іс-шара барысында агроэкотуризмді, биотехнологияларды және өңірлік бастамаларды дамыту бағыттарына зор көңіл бөлінді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -