Қазақстанның қаржы нарығы өзін-өзі реттеу институтын енгізуге дайын

1067
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер саласында өзін-өзі реттеу институтын енгізу бастамасын талқылау үшін дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Агенттік басшылығы, Ұлттық Банктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Ресей Банкінің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің өкілдері, сондай-ақ Ресей Федерациясының өзін-өзі реттейтін ұйымдарының (ӨРҰ) өкілдері қатысты.

Бүгінгі күні микроқаржыландыру секторында 899 субъект жұмыс істейді. Коллекторлық агенттіктердің тізілімінде 197 ұйым бар. А.ж. 1 шілдедегі жағдай бойынша ұйымдардың несие портфелі 3,2 трлн теңгені құрап, 2021 жылдан бері 2 еседен астам өсті. Бұл ретте несие портфелінің 61%-ы немесе 1,9 трлн теңге бизнеске микрокредиттерге тиесілі.

Сонымен қатар, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың шағымдары санының өсуі байқалады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Агенттік микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер субъектілеріне үздіксіз қадағалау жүргізеді. 2024 жылдан бастап қадағалау субъектілеріне қатысты 812 және 730 құжаттамалық тексеру жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 140 қадағалау шарасы қолданылды, 431 млн теңге сомаға 1 175 айыппұл шығарылды.

 «Тексеру нәтижелері бұзушылықтар тек микрокредиттер беру мәселелерімен ғана емес, сонымен қатар олардың қызметінің басқа аспектілерімен байланысты екенін көрсетіп отыр. Осыны ескере отырып, Агенттік жүйелі шара ретінде міндетті өзін-өзі реттеуді белгілеу жолымен микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер субъектілерін қадағалаудың екі деңгейлі жүйесін енгізуді ұсынады», - деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.

Агенттіктің Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбек Қазақстанда ӨРҰ енгізудің негізгі бағыттары туралы баяндама жасап, халықаралық тәжірибе осы құралдың нарықтағы орнықтылық пен тәртіпті қамтамасыз етудегі тиімділігін көрсетіп отырғанын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында Ресей Федерациясының тәжірибесі жан-жақты қарастырылды. Ресей Банкінің өкілдері ӨРҰ енгізудің барлық аспектілеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Жалпы алғанда, кездесуге қатысушылар ӨРҰ институтын енгізу жөніндегі бастаманы оң бағалады және бұл үшін микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер нарығында барлық қажетті жағдайлар бар екенін атап өтті. Осы модельді табысты іске асыру нарық субъектілерінің тәртібін арттырады, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады, сондай-ақ нарықты дамытуға баса назар аудара отырып, теңгерімді реттеуді қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ӨРҰ енгізу тетіктері бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттілігін атап өтіп, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -