Қарағандыда күрес түрлері бойынша «Даулет» облыстық олимпиадалық резерв мектебінің базасында жаңа оқу-жаттығу орталығы пайдалануға берілді. Бұл — өңірдің спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға және жас дарындарды қолдауға бағытталған маңызды қадам. Енді жас балуандар заманауи әрі жайлы жағдайда шынығып, жоғары жетістіктерге қол жеткізе алады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ғимарат толықтай күрделі жөндеуден өтті: инженерлік жүйелер жаңартылып, күрес және тренажер залдары қайта жабдықталды, асхана, жуынатын бөлмелері мен тұрмыстық орындар ретке келтірілді. Жаңа орталықта бір мезгілде 40 спортшыны қабылдауға мүмкіндік бар.
База жергілікті балуандарға ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін оқу-жаттығу жиындарының қатысушыларына да қолжетімді.
Ашылу рәсіміне қарағандылық күрес мектебінің негізін қалаушылар — спорт ардагерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Саржан Жақсыбеков пен Ильдар Ғафаров, сондай-ақ Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов қатысты. Құрметті қонақтар жаңартылған орталық Қарағандының күрестегі даңқты дәстүрін жалғастырып, жаңа чемпиондардың шыңдалу ордасына айналатынына сенім білдірді.
— Біз бұрыннан қалыптасқан дәстүрді жаңа деңгейге көтеріп, болашақта талай чемпион тәрбиелейміз деп сенемін, — деді күрес түрлері бойынша ООРБЖСМ директоры Қанат Жұрқаев.
Жас спортшылар да қуанышын жасырмады.
— Жағдайымыз өте қолайлы. Барлық мүмкіндік жасалған. Біз тек еңбектеніп, жеңістерге ұмтылуымыз керек. Жаңа орталық бізге сенім мен шабыт берді, — дейді 18 жастағы спорт шеберлігіне кандидат Владимир Леочко.
Алдағы уақытта орталықты одан әрі жетілдіру жоспарланған. Жоба аясында ойын залы салынып, спортшыларға арналған қосымша қолайлылықтар қарастырылады.