Ұлттық экономика министрлігі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің мүліктік шығынын өтеу қағидасын бекітті. Құжат мерзімі белгіленбеген. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі 2025 жылғы 26 қыркүйекте қол қойған бұйрық 11 қазаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ережеге сәйкес зардап шеккен кәсіпкерлерді есепке алуды әкімдіктер жанындағы өңірлік комиссия жүзеге асырады. Оларға ШОБ субъектілерінің тізімін қалыптастыру, өтемақы мөлшерін анықтау, залалды өтеу өтінімін қарау, сондай-ақ құжаттардың қабылдануын бақылау функциясы жүктелген. Кейбір жағдайда комиссия істі қосымша сараптамаға жібере алады.
Жоғалған мүліктің (ғимараттың, автокөліктің, жабдықтың), тауарлық-материалдық (ТМҚ) құны, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстарына арналған шығыстар өтелуге жатады. Егер мүлік заңнамаға сәйкес сақтандырылған жағдайда, бұл ереже жүрмейді.
10 млн теңгеге дейін залал келген ТМҚ үшін өтемақы мемлекеттік кіріс органдарының кәсіпкердің орташа айлық айналымы немесе табысы туралы дерегі негізінде есептеледі. Ұсынылған сомамен келіспеген жағдайда оның мөлшері сот-бухгалтерлік немесе сот-тауар сараптамасы арқылы айқындалуы мүмкін.
Егер залал 10 млн теңгеден асатын болса, сондай-ақ жабдықтар мен жылжымайтын мүлік объектілерінің өтемақы мөлшері жоғалған мүлікті бағалау туралы есеп, ақаулы ведомость және жобалау-сметалық құжаттама негізінде айқындалады.
Өтемақы өтінішін өңірлік комиссиялар төтенше жағдай туындаған сәттен бастап, күнтізбелік 180 күн ішінде қабылдайды. Олар қабылдаған шешімнің негізінде әкімдіктер бес жұмыс күні ішінде зардап шеккен ШОБ субъектілерінің тізілімін қалыптастырады. Онда мүлік иесі, өтемақы сомасы, қаржыландыру көзі мен кәсіпкерлердің санаты көрсетіледі.