«Достық» ордені Қазақстан мен Мажарстан арасындағы бауырластықтың символына айналды

1166
Фотосурет: Аkorda

Мемлекет басшысы Мажарстан Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйокты Қазақ елінде қарсы алу үлкен мәртебе екенін, халқымыз Мажарстан Президентін аса көрнекті мемлекет қайраткері, парасатты басшы, беделді тұлға деп қабылдайтынын атап өтті.

– Сіз сарабдал саясатыңыз арқылы Мажар елінің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуге, халықаралық сахнадағы беделін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз Мажарстанның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет екенін еш уақытта ұмытпаймыз. Ал егемен ел ретінде Еуропада тұңғыш елшілігімізді Будапешт төрінде ашқанымыз ерекше символдық мәнге ие, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елді тереңнен тамыр тартатын ортақ тарих, ұқсас мәдени құндылықтар, бекем достық байланыстыратынын айтты.

– Қазақ халқы Мажар елімен орнаған ерекше қарым-қатынастарды қашанда үлгі тұтады, қастерлейді. Бүгінде сан қырлы екіжақты ықпалдастық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болатын стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісіне айналды. Жаңа ғана Өзіңізбен өткен мазмұнды келіссөздеріміз екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын растады. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстың аясын кеңейтуге мүдделі. Біз қол жеткізген маңызды уағдаластықтар қазақ-мажар ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйоктың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан сүбелі үлесін, жеке қолдауын өте жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Екі ел арасындағы байланысты күшейту жолындағы еңбегіңізді және айрықша рөліңізді ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының Өзіңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілі. Сондай-ақ осы жоғары марапат халықтарымыздың мәңгілік бауырластығының тағы бір символы болады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Мажарстан Президенті көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Тамаш Шуйок әрқашан қазақ-мажар достығына қолдау көрсететініне назар аударып, Орталық Азия мен Еуропа арасында дәнекер болуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -