Tele2/Altel компаниясы өздерінің жасанды интеллект шешімдерін дамыту мақсатында Alem.cloud суперкомпьютерлік кластерінің серверлік қуаттарын жалға алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаны іске қосу туралы келісімге «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) мен Tele2/Altel арасында осы жылдың 2 қазанында Digital Bridge-2025 форумының аясында қол қойылды.
Alem.cloud суперкомпьютерлік кластері ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректерді өңдеу орталығында орналасқан. Дата орталықтың техникалық сүйемелдеуін, сондай-ақ суперкомпьютерлік кластердің инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын «ҰАТ» АҚ жүзеге асырады.
««ҰАТ» АҚ техникалық және инженерлік құрамы күн сайын ұлттық жасанды интеллект кластерінің инфрақұрылымын сүйемелдеу және дамыту бағытында жұмыс атқарады. Мұндай жобаның іске қосылуы – қазақстандықтардың күнделікті өміріне озық технологияларды енгізудегі аса маңызды қадам. Біз бизнес пен стартаптармен ғана емес, ғылыми қауымдастықпен, білім беру ұйымдарымен де әріптестікке ашықпыз. Бұл жолдағы мақсатымыз – елдің экономикасы мен ғылымының негізгі салаларына цифрлық технологияларды одан әрі енгізу үшін барлық қажетті жағдайды жасау», – деп атап өтті «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.
Суперкомпьютерлік кластердің іске қосылуы ағымдағы жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бұл кезге дейін жоспарланғандай, суперкомпьютердің жоғары өнімді есептеу қуатына нейрожелілік шешімдер әзірлеумен айналысатын стартаптар, университеттер, ғылыми орталықтар, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік компаниялар қол жеткізе алады.
««ҰАТ» АҚ-мен стратегиялық өзара іс-қимыл туралы келісім бізге жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулер саласындағы шешімдер үшін заманауи GPU-серверлерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл серіктестік бізге әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымға қол жеткізуді қамтамасыз етіп, ЖИ-шешімдерді әзірлеу мен енгізу үдерісін жеделдетуге жол ашады. Мысалы, сөз бен бейнені өңдеу модельдері, ұсынымдық жүйелер, үлкен деректерді талдау, клиенттерге қызмет көрсетуді автоматтандыру, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, жоғары өнімді есептеулер саласындағы құзыреттерді дамыту және жасанды интеллект негізіндегі өзге де өнімдер», – деп атап өтті Tele2/Altel СЕО-сы Александр Бабичев.