Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Инновациялық кеңістік еліміздегі заманауи технологияларды дамытуға, дарынды жастарды қолдауға, AI және ІТ сектордағы перспективті жобаларды ілгерілетуге арналған. Бұл экономикадағы цифрлық саланы жаңа деңгейге көтереді. Alem.AI Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің мамандарын шоғырландыратын орталық болмақ.
Бірегей жоба ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия мен мемлекеттік қызмет көрсету секілді салалардағы технологияны дамытуды көздейді. Орталық ұлттық ЖИ экожүйесін құруға, инвестиция тартуға, стартаптар мен зерттеу қызметтерін ынталандыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ отандық ЖИ шешімдердің экспортын 2029 жылға қарай 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту жаңа технологияның пайда болуына және экономикалық өсімге ықпал етіп, Астананы Орталық Азиядағы ЖИ бойынша жетекші қалаға айналдырады. Жоба аясында жылына түрлі салада көзге түскен 10 мың дарынды жасты қолдау, 1 мыңға жуық маманды оқыту, 100-ге тарта стартапты іске қосу, 10 шақты ғылыми зерттеуді жүзеге асыру жоспарланған.
Халықаралық орталық Tomorrow School жасанды интеллект мектебі, TUMO креативті технологиялар орталығы, стартап-кампус, ғылыми-зерттеу зертханалары және GovTech шешімдерін әзірлеуге арналған AI-driven Government аймағы секілді қоғамдық кеңістіктерді біріктіреді.
Президентке отандық AI жобалар таныстырылды. Mirai Tech мекемесі жасаған Deep-tech стартапында биомеханиканың портативті ЖИ зертханасы көрсетілді. Ақылды сенсорлы табандар мен киілетін есептеуіш құралдар спортшылар мен емделушілерді оңалтуды жеделдетеді әрі жарақаттың алдын алуға көмектеседі. AltBridge жария нарықтағы инвестициялық портфельге мониторинг жасайды және әр бағыт бойынша есеп береді. Defect AI дәрігерлерге күнделікті қағазбастылықтан арылып, науқасқа көңіл бөлуге жәрдемдеседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде жасанды интеллект бойынша өткен халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен әңгімелесті. Қазақстандық оқушылар 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған. Биыл IOAI 60-тан аса елден келген 280-нен астам жас зерттеуші мен бағдарлама әзірлеушілерінің басын қосқан. Бейресми командалық есепте Қазақстан әлемде Қытай мен АҚШ сияқты елдерден озып, 4-орын иеленген.