Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жыл сайынғы «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты 10-шы халықаралық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанаты түрде өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биыл қазылар алқасының шешімімен АҚШ, Армения, Бельгия, Өзбекстан және Пәкістан журналистерінің еңбектері әртүрлі номинациялар бойынша үздік деп танылды.
Байқауға әлемнің 30 елінен 100-ден астам материал ұсынылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен артық. Жеңімпаздар – Мэтт Фицджеральд (АҚШ) Марианна Мкртчян (Армения), Дерья Сойсал (Бельгия), Арухан Ақпанбетова (Өзбекстан) және Мұхаммад Али Паша (Пәкістан) өз еңбектерінде еліміздің цифрландыру, экономика, туризм, спорт, мәдениет және тарих салаларын кеңінен қамтыды.
Салтанатты рәсімге ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, байқаудың тең ұйымдастырушылары мен медиа серіктестері – «Верный Капитал» компаниялар тобының басқарушы директоры Жанболат Усенов, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы, «Astana Hub» PR және маркетинг кеңсесінің директоры Кристина Ризванова, «Астана» халықаралық қаржы орталығының корпоративтік және медиа-коммуникациялар жөніндегі директоры Айнұр Исабаева, «Отандастар қоры» КеАҚ Коммуникациялар және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарушы директоры Ержан Мұқаш қатысты.
Өз сөзінде А.Исетов лауреаттарды құттықтап, ұсынылған барлық жұмыстардың жоғары деңгейін және жыл сайын шетелдік журналисттер тарапынан өтінімдердің көбеюін атап өтті. Бұл шетелдік медиа қоғамдастықтың Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Байқау серіктестері де қатысушыларға алғыс білдіріп, Қазақстанда жақсы уақыт өткізуін тілеп, естелік сыйлықтар табыс етті. Серіктестердің осындай кең ауқымда қатысуы іс-шараның маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Марапаттау рәсімінен кейін байқау жеңімпаздары ауқымды бағдарламасымен өткен ең ірі халықаралық технологиялық форум – «Digital Bridge 2025»-ке қатысты. Олардың сапары форумның мазмұнды бағдарламасымен ұштастырылды. Сондай-ақ мәдени байланыстарды нығайту және елді жақыннан таныстыру мақсатында жеңімпаздар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысына мәдени-тарихи бағдарлама бойынша сапар жасайды.
Шетелдік журналисттер арасында жыл сайын өткізілетін бұл байқау Қазақстанның даму үрдістеріне халықаралық қоғамдастықтың қызығушылығын арттыруға, бай табиғи және мәдени мұрамызды насихаттауға, елдің әлеуеті мен тартымдылығын шетелдік инвесторлар мен туристтер үшін ашуға ықпал етеді.