Қазақстандағы цифрландырудан тұрақты AI экожүйесіне — Digital Bridge 2025 лидерлерінің пікірлері

1353
Фотосурет: Gov

Астанада өтіп жатқан халықаралық технологиялық форум Digital Bridge 2025 аясында «Цифрландыру стратегиялары: үкімет пен бизнес ЖИ арқылы болашақты қалай қалыптастырады?» атты панельдік сессия өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Дискуссияны Олаф Дж. Грот – Cambrian Futures компаниясының негізін қалаушы және CEO, Калифорния университетінің Берклидегі Haas бизнес мектебінің профессоры модерациялады.

Панельге Тимур Турлов (CEO Freedom Holding Corp.), Кай-Фу Ли (CEO Sinovation Ventures және 01.ai), Бағдат Мусин («Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы), Михаил Ломтадзе (Kaspi.kz негізін қалаушы және Басқарма төрағасы), Михаил Герчук (CEO Telecom Power International Holding), Абдулла Ахмед Әл-Мандус (Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Президенті) қатысты.

Негізгі сұрақ: Қазақстанда орнықты AI-экожүйені қалыптастыру үшін не қажет?

Бағдат Мусин ЖИ экожүйесі – бұл цифрлық экожүйенің жалғасы екенін, бірақ оған инфрақұрылым мен деректер бойынша ерекше талап қойылатынын атап өтті:

«Цифрлық экожүйедегі негізгі элементтер – талант, венчурлық инвестиция мен инновациялық орта болды. Ал ЖИ трансформациясын жеделдету үшін тағы екі негізгі компонент керек: ЖИ инфрақұрылымы және деректерге қолжетімділік. Стартаптарға дербестендірілген деректерді OpenAPI арқылы беріп, мемлекет бұл бағыттағы шешімдерді жылдамдатуы тиіс»

Ол Министрлік пен «Қазақтелеком» іске қосқан екі суперкомпьютерді ұлттық ЖИ инфрақұрылымның негізі ретінде атап өтті:

«Біз – аймақта бір емес, екі суперкомпьютері бар алғашқы мемлекетпіз. Бұл стартап-индустрия мен дәстүрлі компанияларды трансформациялау үшін үлкен көмек – ресурстарды бұлтта(облако) немесе shared форматында пайдалануға болады»

Сонымен бірге ол сенімнің маңызын атап өтті:

«Кодекстер мен заңдарда шамадан тыс қатаңдық болмауы керек. Кәсіпкерлікті қолдау мен тепе-теңдік қажет: бизнеске артық қысым жасалмасын, ал бизнес өз кезегінде жауапкершілік танытып, сенімді ақтауы тиіс»

ЖИ дамуындағы тәуекелдер мен сценарийлер

Әлемдегі ЖИ саласындағы жетекші сарапшылардың бірі Кай-Фу Ли қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесін көтерді:

«ЖИ-платформалардың иелері бәсеке салдарынан немесе ашкөздіктен қауіпсіздік мәселесін кейінге қалдыруы мүмкін. Бұл қауіпті жағдайлардың туындауына әкеп соқтырады. Сондықтан компания басшылары өз әрекеттерінің салдары үшін жауап беретін тетіктер қажет»

Ол алдағы 20 жылда «орындалуы мүмкін деген» үш түрлі сценарийді айтып берді:

  • Негативті: аса қуатты ЖИ құралдары жауапсыз ойыншылардың қолында қалып, «1984» стиліндегі әлемге әкелуі мүмкін.
  • Позитивті: адамдардың көзінің ашық болуы, оянуы және түрлі, біз күтпеген жағдайлардан сақтап тұратын көп деңгейлі қауіпсіздік пен резервтік жүйелердің құрылуы.
  • Оптимистік: ЖИ адамзатқа көмектеседі әрі адам әлеуетін арттырып, бізді «жақсырақ» етеді.
«Қай сценарий жүзеге асатыны – өзімізге байланысты. Мемлекеттер ірі ойыншыларға жауапсыз әрекет етуге жол бермеуі тиіс», – деді ол.

Финтех, e-commerce және «ақылды көмекші»

Kaspi.kz негізін қалаушы және басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе ЖИ қолданудағы басты қағида – сенім мен практикалық құндылық екенін айтты:

«Болашақ – күнделікті міндеттерді сеніп тапсыруға болатын, бірақ соңғы шешімді адам қабылдайтын ақылды көмекшіде. Біз Kaspi.AI шешімдерін алдымен өзіміз сынаймыз, содан кейін клиенттерге ұсынамыз. ШОБ сатушылары үшін контент пен фотосапаны жақсарту сатылымды арттырды, ал travel-сценарийлерде көмекші арқылы қолданушылар бюджет, күн мен қалауларды ескеріп, дайын нұсқаларды (брондау мен еске салуға дейін) ала алады»

Ол нарықтың алдағы уақытта тазаланатынын да болжады:

«Алдағы жылдары көптеген компаниялар банкротқа ұшырайды. Нақты күнделікті мәселелерді шешетін және ұзақ мерзімді құндылық жасайтындар ғана қалады»

«Алдыңғы қатарлы ЖИ үлгілеріне қолжетімділік – бизнестің міндеті»

Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов ЖИ-дің басты құндылығы – күрделі экожүйелерді жеңілдетіп, болжамды сервистерге жол ашу екенін айтты:

«Алдағы жылдары үлкен деректер мен предиктивті модельдердің арқасында мінез-құлық экономикасында көптеген ғылыми жаңалықтар күтілуде. Біз қазірдің өзінде Freedom Business ассистентінің алғашқы нұсқасын іске қостық, енді – Freedom SuperAPA арқылы азаматтарға таратамыз. Бизнестің негізгі міндеттерінің бірі – үздік ақылы ЖИ үлгілеріне тегін қолжетімділік беру және пайдаланушылардың еңбегін автоматтандыру»

Алдағы уақытта неге алып келеді

  • Ұлттық есептеу ресурстары (екі суперкомпьютер) және OpenAPI арқылы деректер қолжетімділігінің арқасында AI-жобалардың пайда болуын жеделдету.
  • Финтех, e-commerce, логистика, travel және мемлекеттік қызметтерде қолданбалы кейстердің, UX-тің жаңа стандарты секілді ақылды көмекшілер санының өсуі.
  • ЖИ-платформалар лидерлерінің жауапкершілігі мен қауіпсіздікке қатысты реттеудің күшеюі.
  • ИИ-агенттері мен блокчейн-инфрақұрылымының арқасында транзакциялық шығындардың азаюы, микротөлемдердің күнделікті нормаға айналуы.
  • Кадрлық серпіліс: деректер/ML/agent инженерлеріне, AI өнім-менеджерлеріне және ЖИ-құқықтық қауіпсіздік мамандарына сұраныстың күрт артуы.

Қорытындылай келе, модератор - Cambrian Futures компаниясының негізін қалаушы Олаф Дж. Грот пікірталасты былай түйіндеді:

«Бұл – қолданбалы ЖИ-ге бетбұрыс. Мұнда инфрақұрылым + деректер + сенім амбицияны экономикалық нәтижеге айналдырады. Ал жауапты реттеу мен алдыңғы қатарлы ЖИ үлгілеріне қолжетімділік Қазақстанға ұзақ мерзімді бәсекелік артықшылық береді»

Естеріңізге сала кетейік, іс-шара Generative Nation тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл – Қазақстанның жаңа технологияларға негізделген білімді қоғам құруға және адам капиталын дамытуға бағытталған стратегиялық ұстанымының айғағы. 

Биылғы форум серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында ұйымдастырылды. Барлық шығындар демеушілік қаражат есебінен жабылды. Форумның бас серіктесі – Freedom Bank Kazakhstan. Алтын серіктестер – Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan және «Қазақтелеком» АҚ. Күміс серіктес – «Транстелеком» АҚ. Қола серіктестер – BI Group, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, Еуразиялық банк, Ozon, «Теңізшевройл» ЖШС. Инновациялық серіктес – InDrive. Ақпараттық серіктестер – CITIX, Musan Group, EcoGenMedia, MYD, Visit Astana.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -