Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумының аясында ҚР жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев пен Binance компаниясының негізін қалаушы әрі бұрынғы бас директоры Чанпэн Чжао арасында «Криптоиндустрияның келесі кезеңі: нарықтық трендтер, жасанды интеллект және жаһандық әріптестік» атты Fireside Chat өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әңгіме форматы – сұрақ-жауап.
Қатысушылар блокчейн нарығы эволюциясындағы ЖИ-дің рөлі, BNB экожүйесі мен стейблкоинның дамуы, деректерді қорғау, активтердің токенизациясы және ЖИ мен blockchain тоғысындағы кәсіпкерлік стратегияларды талқылады.
Чанпэн Чжао криптоиндустрияның болашағы туралы көзқарасымен бөлісіп, жобалары туралы айтып берді және кәсіпкерлер мен стартаптарға кеңесін берді. Әсіресе ол blockchain мен biotech бағыттарына инвестиция салатын Easy Labs компаниясын және әлем бойынша 55 000 бала оқып жатқан Digital Academy бастамасын атап өтті.
Өз мансабындағы басты технологиялық кезеңдерге тоқтала отырып, Чжао үш негізгі технология: интернет, блокчейн және жасанды интеллект туралы сөз қозғады:
«Интернет бала кезімде пайда болды. Блокчейн туралы айтатын болсам, жолымыз болды – ол кезде осы платформа бар еді, біз технологияның дамуына алғашқы күннен ықпал ете алдық. ЖИ – жаңа бастау, бұл – болашақ. Болашақ интеллект болашақ ақшасын қолданатын болады. Мұнда блокчейн мен ЖИ арасында ортақ нәрселер көп»
Чжао авиабилеттерді сатып алатын агенттерден бастап броньдау платформаларымен әрекеттесуге дейінгі ЖИ мен блокчейннің практикалық байланысын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Оның айтуынша, ЖИ-агенттер кең тараған сайын әлемге әлдеқайда көп транзакцияны, оның ішінде микротөлемдерді де өңдей алатын инфрақұрылым қажет болады, ал мұнда шешуші рөлді блокчейн атқарады.
Сонымен қатар ол деректерді қорғау мен активтердің толық токенизациясы тақырыбын қозғады:
«Бұл оңай емес, бірақ біз соған келеміз. Барлығы токенизацияланған кезде артықшылықтар да, кемшіліктер де болады. Артықшылығы – базалық активті сатпай-ақ токенді қолдана аласыз. Бірақ қорғау жүйесі токендердің әлем бойынша еркін сатып алынуы мен сатылуын қамтамасыз етуі тиіс. Реттеу маңызды, бірақ артық кетпеу керек»
BNB экожүйесіне тоқтала келе, Чжао оның жаһандық кеңеюін және токеннің ағымдағы капитализациясы 30 млрд АҚШ долларынан асқанын айтты. Ол сондай-ақ BNB Chain негізінде іске қосылып жатқан стейблкоин жобаларын, соның ішінде қазақстандық бастамаларды атап өтті:
«Біз көптеген елдің BNB Chain негізінде стейблкоин шығарып жатқанын көріп отырмыз. Бұл экожүйені өзгертеді, дәстүрлі нарықтардан айырмашылығы - тәулік бойы, аптасына 7 күн жұмыс істейтін, ашық әрі айқын жүйелерге ауысуда»
Осы орайда спикер Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалады:
«Үш жылда мұнда көп нәрсе өзгерді. Сіздерде крипточейн, stablecoin, төлемдер және фьючерстік платформалар бар. Кешенді блокчейн-экожүйе қалыптасып үлгерді: бір ғана ойыншы емес, бірнешеуі бар. Бұл айтарлықтай әсер қалдырады. Егер бизнес бастаймын десеңіздер – оны осы жерден, Астанадан бастау керек»
Криптонарықтың дамуын талқылай отырып, Чжао оның дәстүрлі экономикамен байланысын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, индустрия нақты қолданбалы мысалдар негізінде әрі қарай өседі.
«ICO, DeFi, NFT – мұндай трендтердің көбін алдын ала болжау қиын болды. Маңыздысы – трендтерді бақылап, олардың ұзақ мерзімді құндылығын түсіну және тұрақты пайда әкелетін нәрселерге инвестиция салу»
Сөз соңында ол стартап-қауымдастық пен инвесторларға мынадай кеңес берді:
- Өзіңіздің мықты тұсыңызды және сізді шын қызықтыратын нәрсені анықтаңыз;
- Құнды әрі пайдалы адамдардан тұратын мықты команда жинаңыз;
- Блокчейн, ЖИ сынды перспективалы технологиялық бағыттарды таңдаңыз;
- География да маңызды: «Сіздер қазірдің өзінде дұрыс жерде тұрсыздар»;
- Еңбекқор әрі адал болыңыздар. Адамдар шын мәнінде қолданатын өнімді жасаңыздар – тек сол кезде ғана ұзақ мерзімді құндылық туады.
Естеріңізге сала кетейік, жақында елде Alem Crypto Fund криптоқоры іске қосылды. Ол Qazaqstan Venture Group басқаруымен МФЦА экожүйесінде тіркелген болатын.
Сондай-ақ кеше ғана ЖИ және цифрлық даму министрлігі Binance және Yandex Qazaqstan компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам криптовалюталық шешімдерді дамытуға, инновациялық технологияларды интеграциялауға және Қазақстандағы цифрлық сервистерді нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұл серіктестік Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық трансформация көшбасшыларының бірі ретіндегі позициясын күшейтеді деп күтіліп отыр.