2025 жылғы 6–15 қазан аралығында Qazvolunteer.kz бірыңғай онлайн-платформасында «Жыл волонтеры» халықаралық сыйлығының алғашқы кезеңі – онлайн-дауыс беру өтеді.
Техникалық іріктеу қорытындысы бойынша байқауға 174 үміткер қатысып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аталған сыйлық Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалып, волонтер мәдениетін дамытуға, азаматтық жауапкершілік алып, әлеуметтік және қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге зор үлес қосқан волонтерлерді ынталандыру және қолдауға бағытталған. Бес жыл ішінде Премияны Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден 247 волонтер жеңіп алды.
2025 жылы сыйлық 15 номинация бойынша табысталады. Олар кең волонтерлік қызмет ауқымын қамтиды. Оның ішінде әлеуметтік жобалар мен білім беру, жануарларды қорғау және экологиялық шараларға дейінгі бастамалар бар.
Әрбір қазақстандық дауыс беруге қатысып, қоғамды дамыту үшін күн сайын азаматтық ұстанымынан таймай еңбек етіп жүрген волонтерлерге қолдау көрсете алады.
«Жыл волонтёры» халықаралық сыйлығы Қазақстанда ғана емес, шекарадан тыс жерлерде де үздік тәжірибелер мен волонтерлік қозғалыс көшбасшыларын дәріптейтін маңызды платформаға айналып келеді.