Алматыда Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы туберкулез бойынша өңірлік парламент саммиті өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің парламент, Жаһандық ТБ Кокус мүшелері, денсаулық сақтау министрліктерінің, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар жиналды.
Өзінің алғысөзінде Қазақстан Республикасы Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева өңір парламентшілері бюджет әзірлеу саясаты мен оны бақылауда ерекше құзірет пен жауапкершілікке ие екенін атап өтті:
«Жаһандық ТБ Кокус – бұл партиялық шектеулерден тыс депутаттарды біріктіретін алаң. Оның мақсаты – жаһандық міндеттемелерді нақты іске айналдыру. Қазақстан инновацияларды енгізіп, тұрақты қаржыландыруға көшіп, бүкіл өңірге үлгі көрсетіп отыр».
«Бүгін қабылданған қарар азаматтардың денсаулығына және жүйелерді нығайтуға ортақ жауапкершілігімізді көрсетеді. Біз бұл мәлімдемелерді адамдардың өміріне нақты өзгерістер әкелетін нақты бюджеттер мен заңдарға айналдыруымыз керек» Жаһандық ТБ Кокус төрағасының орынбасары Гүлдара Нұрымова
Пленарлық және панельдік сессиялар барысында парламент өкілдері БҰҰ-ның туберкулезге қарсы Саяси декларациясын (UNHLM TB, 2023) жүзеге асыру жолдарын, бағдарламаларды тұрақты қаржыландыруды, сектораралық ынтымақтастықты және азаматтық қоғамды тарту мәселелерін талқылады.
Қазақстан тарабынан саммитке ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дания Еспаева, Айгүл Құспан, Гүлдара Нұрым, Нұргүл Тау, Ажар Сағандықова, Ирина Смирнова және Нұрлан Әуесбаев қатысты.
Жиынға қатысушылар ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығына, сондай-ақ Жаһандық қордың 2023-2025 жылдарға арналған Қазақстандағы «Туберкулез» компоненті бойына жобаларын іске асыру тобына және «Қазақстан фтизиопульмонологтары қауымдастығына» туберкулезге қарсы күш-жігерді үйлестіргені үшін ерекше алғыстарын білдірді.
«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болдық: дәл осы жаңа Ұлттық фтизиопульмонология орталығында саяси ерік-жігер нақты міндеттемелерге айналды. Бұл бізді шабыттандырып, күнделікті еңбегімізге зор серпін береді» ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының басшысы Малик Аденов
Жиын нәтижесінде өңірлік елдердің 2030 жылға қарай «нөлдік туберкулез» мақсатына қол жеткізу жөніндегі саяси міндеттемелері бекітілген «Туберкулезді жоюды жеделдету туралы» (2026–2028 жж.) өңірлік қарар қабылданды.
Саммитте қабылданған нәтижелер мен шешімдер 2026-2028 жылдар аралығында Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі парламенттердің, үкіметтердің және халықаралық серіктестердің іс-қимылдарын үйлестіруге негіз болады, 2030 жылға дейін өңірдегі туберкулезді жою мақсатын жақындатады.