Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нуркан Садвакасов Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдарында – балабақшалардан бастап колледждер мен сауықтыру лагерьлеріне дейін енгізілген жаңа тамақтану стандарты туралы мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аталған құжат салауатты тамақтану саласындағы халықаралық ұсынымдарға негізделіп Денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Қазақ тағамтану академиясы, ЮНИСЕФ және ДДҰ-мен бірлесіп әзірленді.
Оның айтуынша, мектептегі тамақтану – тек қана түскі ас ұйымдастыру емес, ол балалардың денсаулығының негізгі факторы болып табылады.
«Мектеп жасында тамақтану мәдениеті мен дұрыс әдеттер қалыптасады, олар өмір бойы сақталады. Сондықтан сапалы, теңгерімді және қауіпсіз тамақтануды қамтамасыз ету – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деп атап өтті СЭБК басшысы.
Жаңа стандарт мектеп оқушыларының рационында тұз бен қант мөлшерін азайтуды, көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерінің үлесін арттыруды, ал шұжық өнімдері, ысталған тағамдар мен қант мөлшері жоғары сусындарды алып тастауды көздейді.
Оның орнына балаларға су, сүт, қышқыл сүт өнімдері, жеміс шайлары мен тәттілігі төмен компоттар ұсынылады. Сондай-ақ шағын жинақталған мектептерде және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалар үшін тамақтануды ұйымдастыру талаптары жеке көрсетілген.
Жаңартулардың басты мақсаты – мектептердегі тамақтануды тек пайдалы әрі дәмді ғана емес, сонымен бірге әр балаға қолжетімді ету. Бұл семіздікке шалдыққан балалар санының артуы жағдайында ерекше маңызды, өйткені оны ДДҰ XXI ғасыр індеті деп атайды.
Бұл мәселемен Қазақстан да бетпе-бет келіп отыр: бүгінде 6–9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмаққа немесе семіздікке шалдыққан. Егер жағдай өзгермесе, 2035 жылға қарай мұндай балалар мен жасөспірімдердің саны 1,9 миллионнан асуы мүмкін. Мұның салдары тек болашақ ұрпақтың денсаулығына ғана емес – қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және өзге де созылмалы аурулардың ерте дамуы қаупіне, сонымен бірге ел экономикасына да әсер етеді.
Дүниежүзілік семіздік федерациясының болжамына сәйкес, артық салмақ Қазақстанның ЖІӨ-ін жыл сайын 2–2,5%-ға төмендетуі ықтимал. Сондықтан жаңа мектептегі тамақтану стандарты тек балалардың денсаулығына ғана емес, тұтас елдің орнықты болашағына инвестиция ретінде қарастырылады.
Жаңашылдықтар тек мәзірді ғана емес, оны бақылау жүйесін де қамтиды. Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Аққумыс Салханованың айтуынша, алғаш рет цифрлық құралдар енгізіліп отыр.
А. Салханова «Қазақстанда алғаш рет мектеп мәзірінің құрамын автоматты түрде есептейтін онлайн-калькулятор әзірленді. Ол тағамның калориясын, ақуыз, май, көмірсу мен дәрумендер құрамын шығарып береді. Қызмет барлық адамдарға ашық әрі тегін – оны мектептер, ата-аналар, тіпті балалардың өздері де қолдана алады», – деді
Сонымен қатар ол Balaman.kz жаңа сайтының іске қосылғанын хабарлады. Мұнда нормативтік құжаттар, ұсынымдар, мәзір калькуляторы және ата-аналар мен мұғалімдерге арналған материалдар орналастырылады.
Тағамның «жеуге жарамсыздық индексі» де назарға алынады. Бұл көрсеткіш балалардың табақтарында қанша тағам қалғанын көрсетеді. Егер деңгей 30%-дан жоғары болса, мәзірді түзету қажет деген сөз. Мұндай тәсіл тамақтану жүйесін ашық әрі басқарылатын етеді.
ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің Қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісова да жаңа стандарттың маңызын атап өтті.
«Мектептегі тамақтану бағдарламаларын дұрыс енгізген жағдайда, әрбір инвестицияланған 1 доллар 9 доллар болып қайтады. Бұл жай ғана тамақ емес, денсаулықты нығайтудың, үлгерімді арттырудың және экономиканы дамытудың қуатты құралы», – деді ол.
Осылайша, Қазақстан мектептегі тамақтанудың заманауи жүйесін құру жолында халықаралық тәжірибе мен цифрлық шешімдерге негізделген маңызды қадам жасап отыр. Жаңа стандарттар балалардың денсаулығын жақсартып қана қоймай, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, болашақ ұрпақтың мықты денсаулығына берік негіз болады деп күтілуде.