Шығыс өңірінде өткен «Бекет-2025» оқу-жаттығуына орталық және жергілікті атқарушы органдардың, күштік құрылымдар мен жедел қызметтердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен жиынға қатысты. Жиында ведомствоаралық өзара іс-қимыл, түрлі қызметтердің күрделі жағдайларда бірлескен әрекеттерінің үйлесімділігі және халықты құлақтандыру тәртібі талқыланды.
Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетіне баға беріп, олардың ерекше жағдайларда жұмыс істеуге дайындығын атап өтті. Сонымен қатар, азаматтарды уақтылы хабардар ету мен барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысының маңыздылығына тоқталды.
Оқу-жаттығу аясында Бас штаб бастығы облыс әкімдігі жанындағы жедел-талдау орталығы мен шұғыл әрекет ету бойынша практикалық іс-қимылдар пысықталған оқу алаңдарын аралады.
Мұндай оқу-жаттығулар барлық құрылымдардың дайындық деңгейін тексеруге, шынайы жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін пысықтауға және одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың келісімді әрі жедел жұмысы – азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі, – деді генерал-лейтенант С. Қамалетдинов.
Нұрымбет Сақтағанов Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне оқу-жаттығуды жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізгені үшін алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралардың өңір үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бірлескен іс-қимылдардың нақты тәртібін қалыптастыруға, дайындық деңгейін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік органдардың кез келген қауіпке тиімді әрекет ете алатынына деген сенімін күшейтуге мүмкіндік береді.
Іс-шара қорытындысы бойынша дайындық деңгейін арттыру және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.