Сенат Цифрлық және Құрылыс кодекстерін қарауға дайындап жатыр

935
Фотосурет: ©️ А.Байжұманов/Сенаттың Баспасөз қызметі

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Іс-шарада депутаттар 9 қазанда өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бюро отырысын ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеттеріне назар аударып, VIII сайланған Парламенттің биылғы сессиясының басым бағыттарына тоқталды. Депутаттар атап өткендей, сессия барысында бірқатар маңызды заңдар қабылданып, қызметтің негізгі бағыттары бойынша 100-ге жуық іс-шара өткізілмек.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда нақты тапсырмалар берді. Осыған байланысты сенаторлар тұрақты комитеттердің ұсыныстарын ескере отырып, Палатаның іс-шаралар жоспарын әзірледі. Соның аясында төртінші сессияда екі Парламенттік тыңдау өткіземіз. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығын цифрлық трансформациялау мәселелері де қамтылмақ. Одан бөлек, үш Үкімет сағаты, маңызды көшпелі кездесулер, дөңгелек үстелдер, комитеттердің өзекті тақырыптарға арналған отырыстарын өткізу жоспарланған. Мемлекет басшысы Цифрлық, Құрылыс кодекстері мен «Банктер және банк қызметі туралы» заң қабылдауды жүктеді. Сенат депутаттары бұл бағытта да жүйелі жұмыс жүргізеді», – деді Палата Төрағасы.

Сонымен қатар Бюро мүшелері Сенаттың алдағы отырысының күн тәртібін айқындады. Атап айтқанда, сенаторлар бейсенбіде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды.

Келісім Қатар мемлекетінде Қазақстан азаматтарын жұмысқа орналастыру мәселелерін құқықтық реттеуді көздейді. Ол үшін қазақстандық азаматтарды іріктеу, жұмысқа қабылдау және жұмысқа орналастыру кезінде олардың құқықтарын айқындау сияқты рәсімдер белгіленеді. Сондай-ақ Келісімге қосымша ретінде Қатар мемлекетінде Қазақстан Республикасынан жұмыскерлерді жалдау туралы үлгілік еңбек шарты бекітіледі.

Сондай-ақ «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заң да Палата отырысының күн тәртібіне шығарылды. Бұл заң Қазақстанның ең төменгі жалақыны айқындауға арналған қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітуге және әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын нығайтуға арналған. Соның ішінде тараптардың ең төменгі жалақыны белгілеуге қатысу мәселесі де назарға алынғанын айта кеткен жөн.

Отырыс барысында Бюро мүшелері бұған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөліп берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -