Астанада 11-12 қазан күндері Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілерінің қатысуымен кезекті өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңкеде аталған өңірлердің аграрийлері ет, балық, сүт, бакалея және көкөніс, жеміс өнімдерінің кең таңдауын ұсынады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Барлық өнім фермерлерден тікелей жеткізіледі, бұл – азық-түлік қолжетімділігін арттырып, отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.
Екі облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астанаға жалпы көлемі 700 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде 390 тонна көкөніс, 170 тонна ет пен ет өнімдері, 160 мың дана жұмыртқа, 70 тонна бал, 30 тонна сүт өнімдері, 16 тонна өсімдік майы, 14 тонна балық, шамамен 10 тонна өзге де азық-түлік өнімдері бар.
Елорда тұрғындары мен қонақтары өңірлердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаны да тамашалай алады. Жәрмеңке 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Айта кетейік, биылғы жәрмеңкелер «Қазанат» ипподромының автотұрағы аумағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өткізіліп келеді. Сондай-ақ қала тұрғындарының және қонақтарының ыңғайлылығы үшін жәрмеңке өтетін орынға №18, 37 және 303 бағыттағы автобустар қатынайды.