Қазақстанда мектептерде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қағидалары қалыптастырылып жатыр

1045
Фотосурет: Gov

Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне жаңа технологиялық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу туралы тапсырмасына сәйкес, «Келешек мектептері» жобасы аясындағы мектептерде «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект тақырыптарын енгізу жұмыстары басталды — деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазіргі уақытта жасанды интеллект элементтері бар цифрлық шешімдерді білім беру процесіне тәжірибелік тұрғыда енгізу сынақтан өткізілуде. Сабақтар оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылады: бастауыш сыныптарда түсіндіру ойын және көрнекілік әдістері арқылы жүргізілсе, жоғары сыныптарда оқушылар чат-боттар құру, деректерді талдау және этикалық жағдайларды шешу сияқты жобалық тапсырмаларды орындайды. Мұндай тәсіл сыни ойлауды, цифрлық сауаттылықты және технологияларға саналы көзқарасты дамытуға бағытталған.

Аталған шешімдер еліміздің бірнеше мектебінде, соның ішінде Астана қаласындағы №101 «Келешек мектебінде» пилоттық негізде қолданысқа енгізілуде. Бұл мектепте жасанды интеллектпен жұмыс істеуге арналған заманауи цифрлық құралдар мен әдістер сынақтан өтіп жатыр. Білім беру ортасына кезең-кезеңімен Roqed AI, Aqyl, Google Workspace for Education және жасанды интеллект негізіндегі Kahoot сияқты шешімдер енгізілуде. Бұл құралдар оқушылар мен мұғалімдер үшін сенімді көмекшіге айналуда. Олардың қолданылуы білім беруді көрнекі, интерактивті және әр оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімделген етуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект элементтері бар технологиялар цифрлық дағдыларды дамытуға, мұғалімдерді оқыту үдерісін ұйымдастыруда қолдауға және оқушылардың заманауи білім беру тәсілдеріне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

«Жасанды интеллект қазіргі таңда тек оқыту құралы ғана емес, сонымен қатар мұғалімнің көмекшісі, оқушының серіктесіне айналуда. Біз технологиялар ойлау, коммуникация және жеке жауапкершілік дағдыларын дамытуға қызмет ететін білім беру ортасын қалыптастырып жатырмыз», — деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші сарапшысы Әсем Сарыбекова.

Жасанды интеллектті білім беру жүйесіне этикалық және қауіпсіз енгізу мәселелеріне ерекше мән берілуде. Білім беру ұйымдарына Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген, жасанды интеллектті қолданудың этикалық стандарттарын қамтитын нормативтік құжаттар жолданды. Қазіргі таңда бұл стандарттардың мектептерде практикалық қолданылуы сынақтан өткізілуде. Сонымен қатар, білім беруде жасанды интеллектті қолдануға байланысты мәселелерді талқылап, әдістемелік қолдау көрсететін және процестің ашықтығы мен жауапкершілігіне негізделген этикалық қағидаларды ұстануын қамтамасыз ететін Этикалық кеңестің құрамы бекітілді. Ұлттық білім академиясы бұл бағытта мектептерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуді жалғастыруда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -