Астанада халықаралық технологиялық форум Digital Bridge 2025 өз мәресіне жетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл - ақпараттық технология мен жасанды интеллект саласындағы жылдың басты оқиғасы.
Digital Bridge Қазақстанның цифрлық экономикасының даму қарқынын көрсетіп қана қоймай, елдің аймақтық IT-хаб ретіндегі имиджін нығайтып, инвестиция мен туризм саласының драйверіне айналды.
Форум үш күн қатарынан өтті. Бұл бағдарлама аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Digital Bridge 2025 400-ден астам халықаралық және отандық спикерді, 100-ден аса инвестор мен бизнес-ангелды, 200-ден астам IT-компания мен стартапты біріктірді.
Барлығы 120-дан астам іс-шара өтті: keynote-баяндамалар жасалып, панельдік пікірталас, питчинг-сессиялар ұйымдастырылды, жасанды интеллектінің мемлекеттік басқару, инвестиция, білім беру, медицина, мәдениет, геймдев, экотехнология, биометрия және т.б. салалардағы қолданылуы талқыланды. Форумның басты тақырыбы қарапайым болғанымен, ауқымды: жасанды интеллект әлемді қалай өзгертуде және қандай AI-шешімдер қазір қолданыста?
Форумның басты жаңалығының бірі - alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы. Миссиясы - Қазақстандағы жасанды интеллект технологияларының дамуын жеделдету және цифрлық экономиканы жаңа деңгейге көтеру. Бұл - Орталық Азиядағы алғашқы әрі ең ірі жоба, Қазақстанның жаһандық технологиялық картасындағы жаңа флагманы.
Alem.ai экожүйесі Tomorrow School жасанды интеллект мектебін, TUMO креативті технологиялар орталығын, стартап-кампусты, зертханаларды және GovTech шешімдеріне арналған AI-driven Government аймағын біріктіреді. Мұнда жыл сайын 1 мыңнан астам жасанды интеллект маманын оқыту, 10 мыңға жуық талантты тарту, 100-дей стартап пен 10 ғылыми зерттеу жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
1 қазанда форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізіп, стратегиялық бағытты нақтылады: жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды.
«Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел болуы керек» Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының сөзінше, әлемде мүлдем жаңа даму парадигмасы қалыптасып жатыр. Барлық саладағы интеграцияны үйлестіру үшін Жасанды интеллект министрлігі құрылды. Сондай-ақ салада маманданған зерттеу университетін ашу туралы шешім шығарылды.
«Басты мақсат – экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау» Қасым-Жомарт Тоқаев
2 қазанда болған форумның ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде - Венгрия Президенті Тамаш Шуйок қатысты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев отандық технологияларды дамыту, кадр даярлау және ЖИ-ті барлық негізгі салаларға енгізу сынды практикалық бағыттарды атап өтті.
«Біздің алдымызда өз технологияларымызды дамыту, жоғары білікті мамандар даярлау және жасанды интеллектіні барлық негізгі салаларға жан-жақты енгізу сынды стратегиялық міндет тұр. Digital Bridge осы мақсаттарға қол жеткізудің практикалық алаңына айналды» Жаслан Мәдиев
Форум Generative Nation тұжырымдамасына - адам капиталы мен білімге негізделген технологиялық қоғам құруға сүйенеді. Оның аясында мемлекеттік органдар, ірі компаниялар мен халықаралық технопарктер 40-тан аса келісімге қол қойды. Бұл бизнес пен мемлекеттің жасанды интеллект технологияларын және цифрлық экономиканы бірлесе дамытуға дайын екенін растады.
Digital Bridge 2025 форумы отандық ІТ-компаниялардың экспорттық әлеуетін дамытудағы маңызды катализаторына айналды. GITEX, King Hussein Business Park (Иордания), Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО), Қырғызстанның High Tech Park өкілдерімен, сондай-ақ Түркия, Испания және басқа да елдердің инвесторлары және технологиялық компанияларымен өткен іскерлік кездесулер қазақстандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарыққа шығуына жаңа мүмкіндіктер ашты.
Digital Bridge бас директоры Дания Ахметова:
«Digital Bridge форумы еліміздің өңірлік технологиялық орталық ретіндегі беделін нығайта түсуде. Инвесторлар - әлеуетті, серіктестер - ынтымақтастық мүмкіндігін, ал әлем Қазақстанды инновация мен идеялардың қайнар көзі ретінде көреді»
Панельдік сессияларда Омар Аль-Олама (БАӘ ЖИ министрі), Кай-Фу Ли (Sinovation Ventures және 01.ai), Олаф Дж. Грот (Cambrian Futures, UC Berkeley), Тимур Турлов (Freedom Holding Corp.), Абдулла Ахмед Аль-Мандус (Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым), Павел Дуров (Telegram), Меруан Дебба (Халифа Университеті), Пол Ким (Стэнфорд/Дүниежүзілік банк), Прадип Кхосла (UC San Diego), Николя Садирак (01Edu, 01Talent), Мансур Ибрагим Аль Мансури (G42 International), Питер Норвиг (Google/Stanford), Эбтесам Аль-Мазруи (ООН «AI for Good»), Лили Лю (Solana Foundation), Илья Стребулаев (Stanford), Михаил Ломтадзе (Kaspi.kz), Арсен Томский (inDrive) және басқа да әлемдік сарапшылар сөз сөйледі.
Пенельдік сессиялардың бірінде Кай-Фу Ли алдағы 20 жылда «орындалуы мүмкін деген» үш түрлі сценарийді ұсынды (негативті – гипермықты модельдердің жауапсыз ойыншылардың уысында болуы, оптимистік - ЖИ адамдарға көмекші құрал ретінде әлемді жақсартуға атсалысады):
«Қай сценарийдің жүзеге асатыны – өзімізге байланысты. Мемлекет ірі ойыншыларға жауапкершіліксіз әрекет етуге жол бермеуі тиіс»
Kaspi.kz негізін қалаушыларының бірі Михаил Ломтадзе ЖИ-дің практикалық құндылықтары жөнінде айтып, нарықтың «тазаланатынын» болжады. Оның пікірінше, «нақты күнделікті мәселелерді шешетін және ұзақ мерзімді құндылық жасайтындар ғана қалады».
Binance экс-бас директоры Чанпэн Чжао Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалады: Үш жылда кешенді блокчейн-экожүйе: крипточейн, стейблкоин, төлем және фьючерстерге арналған алаң қалыптасып үлгерді:
«Бизнес бастаймын десеңіз – Астанада бастаңыз»
Форум дәстүрлі түрде технологиялық кәсіпкерлік алаңына айналды: Startup Alley мен IT-компаниялар көрмесінде EdTech пен HealthTech-тен финтех, экотехнология және биометрияға дейінгі түрлі бағыттардағы ондаған жоба өнімдерін ұсынды.
Astana Hub Battle 2025 финалында 180 команда бақ сынап, жүлде қоры 125 мың АҚШ долларын құрады.
Ал AI SANA Generative Nation ұлттық байқауында оқушылар мен студенттер елде IT мен AI-дың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Форумның соңғы күні - «Digital Bridge: Generative Nation» пленарлық отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Digital Bridge Awards лауреаттарына марапаттар табыстап, цифрландыру мен жасанды интеллект – Президент айқындаған ұлттық басымдық екенін атап өтті.
Саланың дамуына үлес қосып жүрген жобалар Digital Bridge Awards 2025 жеңімпаздары атанды. Export Excellence номинациясында Grand Mobile жеңіске жетті. AI Solution of the Year атағын Higgsfield AI алды. Ең үздік EdTech-жоба болып CodiPlay танылды. GovTech Innovation санатында Documentolog жеңіске жетіп, Tech Media Excellence марапатын елдегі технология және стартаптар туралы ақпарат тарататын DigitalBusiness.kz иеленді. Ал Social Impact Project номинациясында LifeSignal (абоненттің орналасқан жерін лезде анықтап, жедел көмек шақыратын) сервисі жеңіске жетті.
Айта кету керек, бүгінде Қазақстан «электрондық үкіметті» дамыту бойынша әлемде 24-ші, онлайн қызметтер бойынша 10-шы орында тұр. Мемлекет жасанды интеллект және IT-мамандарына қолайлы жағдай жасау үшін қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда экожүйенің инфрақұрылымы үздіксіз кеңеюде. Білім беру ресурстары барлық азаматтарға қолжетімді. 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бағдарламалары іске қосылған. Шамамен 500 мың адам жасанды интеллект негіздері, оның ішінде AI Qyzmet, AI Sana, Tomorrow school, QazCoders сияқты бағдарламалар бойынша білім алуда. Осы жылдың соңына дейін IT-қызметтер экспортының көлемін $1 млрд-қа жеткізу мақсатында стратегиялық жоспар жүзеге асуда. Қазақстан нарығына қазірдің өзінде Playrix, Mytona, NetCracker сияқты әлемдік технологиялық алпауыт компаниялар кіріп отыр. Бұл бизнес пен инвесторлар сенімінің Қазақстанға артып жатқанының айғағы.
Айта кетейік, биылғы форум серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында ұйымдастырылды. Барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылды. Форумның бас серіктесі – Freedom Bank Kazakhstan – цифрлық қаржылық өнімдер мен қызметтерді ұсынатын инновациялық банк. Алтын серіктестер – Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan және «Қазақтелеком» АҚ. Күміс серіктес – «Транстелеком» АҚ. Қола серіктестер – BI Group, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, Еуразиялық банк, Ozon, «Теңізшевройл» ЖШС. Инновациялық серіктес – inDrive. Ақпараттық серіктестер – CITIX, Musan Group, EcoGenMedia, MYD, Visit Astana.