Астанада Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай ерлер мен әйелдер арасында өткен қоян-қолтық ұрысынан әлем кубогының финалы аяқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
7–8 қазан аралығында екі күн бойы аренада 20 елден келген 230 спортшының қатысуымен тартысты жекпе-жектер өтті. Турнир өзін-өзі қорғау және жекпе-жек дисциплиналары бойынша өтіп, адал күрес, рухтың күші мен кәсіби шеберліктің көрінісіне айналды.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов жарысқа қатысушылар мен қонақтар алдында құттықтау сөз сөйледі.
«Әлем кубогының финалы — абырой мен асыл қасиеттерді марапат емес, өмірлік ұстаным деп білетін жандардың басын қосатын сайыс. Татамиде еңбекпен және жігермен шыңдалған тұлғалар кездеседі. Әр жекпе-жек – бар күш-жігерін салуды, айқын ойды және қорқынышсыз әрекет етуді талап етеді. Мұндай қасиеттер спортшылар мен құтқарушыларды біріктіреді. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері күн сайын батылдық танытып, сабыр сақтап, әрдайым көмек көрсетуге дайын тұрады», — деп ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Спорттық мерекенің ерекше атмосферасын Қазақстан спортының жұлдыздары – Олимпиада чемпионы Илья Ильин, ММА аралас жекпе-жек шебері Артём Резников, атақты боксшы Василий Левит және стрит-воркауттан Қазақстан құрамасының бас бапкері Айтым Жақыпов жандандыра түсті. Құрметті қонақтар қатарында күштік, арнайы және құқық қорғау органдарының өкілдері мен басшылары, сондай-ақ Астана қаласының әкімі де болды.
Әлем кубогының финалын «Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс ассоциациясы» Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Batyr team» спорт клубының қолдауымен ұйымдастырды. Турнирдің бас демеушісі Қазақстан құтқарушылары қоры.
Турнирде Қазақстанның намысын 9 спортшы қорғады, олардың төртеуі ҚР ТЖМ «Batyr Team» клубының өкілдері. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық команда жоғары нәтижелер көрсетті:
- Беркінбаева Аружан — әлем чемпионы
- Искандеров Аслан — әлем чемпионы
- Пернебек Алиби — әлем чемпионы
- Чеботарёва Мария — әлем кубогының күміс жүлдегері
Қоян-қолтық ұрысынан әлем кубогы финалының Астанада өтуі еліміздің спорттық өміріндегі маңызды оқиға, әрі қазақстандық спортшылардың жоғары деңгейде дайындалғанының тағы бір дәлелі болды.