Тұтынушылардың құқықтарын қорғау: супермаркеттегі сатып алушы нені білуі керек

1221
Фотосурет: Jackyenjoyphotography/Getty Images

Жыл сайын супермаркеттер мен сауда орталықтарына сұраныс артып келеді. Алайда жайлылықпен қатар даулы жағдайлар туындайтыны жасырын емес. Мысалы, қауіпсіздік қызметкерлері сөмкеңізді арнайы ұяшыққа қалдыруды талап етеді немесе сөмкені ашып көрсетуді сұрайды. Мұндай әрекеттердің қаншалықты заңды екенін түсіндіреміз, деп хабарлайды DKNews.kz.

Біріншіден, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (24-бап) азаматтың тауарлар мен қызметтерге еркін және қауіпсіз қол жеткізу құқығын бекітеді. Бұл сатып алушы сауда залына жеке заттарымен, яғни сөмкемен, рюкзакпен еркін кіре алатынын білдіреді. Заңның ешқандай нормасы оларды сақтау камерасына тапсыруға міндеттемейді. Егер күзетші сізге мұны ұсынса, өз еркіңізбен келіскен жағдайда ғана заң шеңберінде әрекет етеді. Мұндай жағдай ҚР Азаматтық кодексінің 39-тарауында, "Сақтау шартымен" реттеледі. Ал 380-бапқа сәйкес кез келген шарт өзара келісім бойынша жасалады.

Көбіне шығарда күзетші сөмкені ашып көрсетуді сұрайды. Алайда бұл талап емес, сыпайы өтініш қана және сіз бас тартуға толық құқығыңыз бар. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (ҚР ӘҚБтК) сәйкес, 16-бапта жеке тексеру және заттарды тексеру тек әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайларда ғана, тек уәкілетті органдар, яғни полиция қызметкерлері тарапынан жүзеге асырылуы мүмкін.. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар бейнежазбаға түсіріліп, міндетті түрде хаттама толтырылуы керек(ҚР ӘҚБтК 791-бабын қараңыз). Күзетші сізді ұстап алуға да, тексеруге де құқылы емес. Күзетші полицияға қоңырау шалып, оның келуін күтуі керек.

Күзетшілердің өкілеттіктері "Күзет қызметі туралы" ҚР Заңымен қатаң реттелген. 1, 3 және 4-баптарға сәйкес, күзетшілер қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және мүлікті қорғайды, бірақ бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға құқығы жоқ. Бұл олардың жеке тексеру жүргізуге, тінтуге, заңды негізсіз күш қолдануға немесе қозғалыс еркіндігін шектеуге құқығы жоқ екенін білдіреді. Күзет қызметкерінің өкілеттігін асыра пайдалану ҚР Қылмыстық кодексінің 252-бабы ("Жеке күзет ұйымы қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдалану") бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін.

Егер сіздің құқықтарыңыз бұзылған болса, сабырлы әрі сауатты әрекет етіңіз. Заңсыз талаптардан сыпайы түрде бас тартыңыз, полиция шақыруды ұсыныңыз. Не болып жатқанын бейнежазбаға түсіріп алыңыз немесе куәгерлерді тарту арқылы тіркеңіз, содан кейін супермаркет әкімшілігіне шағым түсіріңіз немесе жергілікті полиция бөліміне жүгініңіз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -