Барлығымызға белгілі, әскери өмір — жай ғана қызмет емес, ол жүректегі адалдық пен намыстың, ерік-жігер мен төзімділіктің сынға түсетін алаңы.
Бұл жол адамды шыңдайды, оны нағыз азамат етеді. Мұнда бәрі — күнделікті тәртіп, үздіксіз дайындық пен елге қызмет етуге деген берік ниет арқылы қалыптасады. Еліміздің әрбір ер азаматы бұл жолдан өтуі тиіс. Кейбірі сарбаз ретінде елін қорғаса, енді бірі әскери қызметті өмірінің басты мұратына айналдырады. Әскери өмірді таңдаған әрбір азамат алыс көкжиекке көз тігеді. Алайда бұл жолдың биігіне санаулылар ғана жете алады. Бұл – қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденістің, өз ісіне деген шексіз берілгендіктің жемісі. Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде дәл осындай өз ісіне адал, жауапты азаматтар қызмет етуде. Солардың бірі — 6505 әскери бөлімінің командирі, полковник Мақсат Қырғызбаев. Бұл офицердің өмір жолы — ерік-жігер мен табандылықтың жарқын үлгісі. Ол әскери салада үлкен тәжірибе жинақтап, талай жас сарбазға үлгі бола білді. Қызмет барысында алған білімін, жинақтаған тәжірибесін Отан қауіпсіздігін нығайтуға арнаған нағыз кәсіби маман. Осы орайда, біз 6505 әскери бөлімінің командирі Мақсат Қалиұлымен сұхбаттасып, оның өмір жолы мен әскери қызмет барысындағы қызықты сәттер туралы білуге тырыстық. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Мақсат Қалиұлы, алдымен өзіңіздің өмір жолыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Балалық шағыңыз қалай өтті? Қай өңірде дүниеге келіп, мектеп табалдырығын қай жерде аттадыңыз?
- Мен 1978 жылы 18 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Таутүрген ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. Әкем жылқышы болып еңбек етсе, анам ауыл мектебінде мұғалім қызметін атқарған. Отбасында үш ағайынды болдық: менен үлкен ағам және кенже інім бар. Біз бауырлар ретінде әрдайым тату-тәтті, бір-бірімізге тірек болып, өзара қолдау көрсетіп өстік. Бала күнімнен әкемнің шаруашылығына қолғабыс жасап, еңбекке ерте араластым. Сол кезден бастап жауапкершілік пен тәртіпке баулындым десем артық емес. Әскери қызметке деген қызығушылығым да бала кезден басталды. Теледидардан әскери шерулерді, әскери өмір туралы фильмдерді қызыға қарап, болашақта өзімді сол саладан елестететінмін. Бастауыш және негізгі білімімді туған ауылымдағы мектепте алып, 8-сыныпты 1993 жылы аяқтадым. Сол жылы бала арманымды жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектепке оқуға түстім. Бұл – менің өмірімдегі маңызды бетбұрыс болды. Мектеп қабырғасында тек оқу мен тәртіпке ғана емес, сонымен қатар спортқа да ерекше мән бердім. Өз денемді шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстануға тырыстым. Бұл әдеттер кейін әскери өмірімде көп көмегін тигізді. Спортпен айналысу мені тәртіпке, табандылыққа және жеңіске деген ұмтылысқа үйретті.
- Расымен де ауылда өскен баланың денесі шымыр, табиғатқа жақын, көп жағдайға бейім болып келеді. Қуантатыны – сіз сол қасиеттерді мектеп қабырғасында тиімді пайдаланып, өзіңізді үздіктер қатарынан көрсете біліпсіз. Ендеше, мектепті аяқтаған соң қандай оқу орнына түстіңіз?
- Мен 1996 жылы мектеп қабырғасын аяқтап 1997 жылы, Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери училищесіне оқуға түстім. Бұл – мен үшін маңызды әрі жауапты кезеңнің бастауы болды. Училищеде мен Ішкі істер факультеті бойынша білім алдым. Мектепте жинаған білімім, әскери мектепте қалыптасқан тәртіп пен дайындық бұл жерде де өз жемісін беріп, оқу барысында өзіндік артықшылығымды көрсете алдым.Білім алумен қатар, оны тәжірибеде дәлелдеуге де ерекше мән бердім. Сабақтағы теориялық білімді жаттығу алаңында, атыс пен тактикалық дайындық барысында нақты нәтижемен көрсетіп отырдым. Бұл маған оқытушылар мен командирлер тарапынан оң баға алуға мүмкіндік берді. 2001 жылы әскери училищені сәтті тәмамдап, офицерлік шен алып, кәсіби қызметке жолдама алдым. Ең қызығы, мен түскен жылы оқу орны әскери училище мәртебесінде болған еді, ал мен оны аяқтаған сәтте ол Академия болып қайта құрылды. Бұл өзгеріс те менің әскери жолдағы алғашқы қадамдарымның тарихи тұстарымен тұспа-тұс келіп, есімде ерекше сақталып қалды.
- Әскери оқу орнын аяқтаған соң алғашқы әскери қызметіңізді қай жерде бастадыңыз?
- Әскери оқу орнын тәмамдаған соң, алғашқы офицерлік қызметімді Алматы облысы, Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімінде взвод командирі ретінде бастадым. Бұл әскери бөлім мен үшін ерекше ыстық. Себебі, мектеп оқушысы кезімде дәл осы бөлімге ұйымдастырылған экскурсиялар менің әскери салаға деген қызығушылығымды оятқан болатын. Сол себепті алғашқы қызметімді дәл осы бөлімде бастау — мен үшін үлкен мәртебе әрі тағдырдың бір сәтті сыйы деп білемін. Взвод командирі қызметін абыроймен атқарып, өзімді жақсы қырларымнан көрсете білдім. Нәтижесінде, жоғары басшылықтың сенімімен рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Бұл кезең менің кәсіби және тұлғалық дамуыма үлкен серпін берді. Қажетті білім мен тәжірибе жинағаннан кейін, көп ұзамай рота командирі лауазымына тағайындалдым. Әр қызмет сатысы мені жаңа биіктерге жетелеп, офицерлік жолда шыңдай түсті. Бірнеше жыл ішінде осы бөлімде түрлі лауазымдарда қызмет атқара отырып, батальон штабының бастығы, кейіннен батальон командирі қызметтерін атқардым. Осылайша, мен 6654 әскери бөлімінде взвод командирінен бастап батальон командиріне дейінгі барлық сатылардан өттім. Бұл бөлім – менің әскери қызметімнің берік іргетасы қаланған, тәжірибем мен кәсіби шеберлігім қалыптасқан мекеме болды. Кейін жоғары басшылықтың қолдауымен Қызылорда қаласында жаңадан құрылып жатқан 5547 әскери бөліміне бөлім командирінің орынбасары лауазымына тағайындалдым. Бұл бөлімде мен 2 жыл қызмет атқардым. Айта кетерлігі, мен бұл әскери бөлімге келгенде ол енді ғана құрылу үстінде болатын. Сондықтан бөлімнің қалыптасуына, құрылымының орнығуына, жауынгерлік даярлық деңгейінің көтерілуіне тікелей атсалыстым. Қызмет барысында білімімді әрі қарай дамыту қажеттілігін сезініп, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері әскери институтына (Шучинск қаласына) магистратураға оқуға түстім. 2013 жылы магистрлік дәрежені алып шыққан соң, Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімге бөлім командирінің бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымына тағайындалдым. Бұл жерде де шамамен 2 жыл қызмет атқарып, құнды тәжірибе жинадым. Кейіннен өзім бұрын қызмет еткен әрі ерекше жақын тартқан 5547 әскери бөліміне осы жолы бөлім командирі ретінде қайта оралдым. Бұл бөлімнің қалай құрылып, дамығанын көзіммен көріп, сол жолда еңбек еткендіктен, бұл лауазым мен үшін өте маңызды болды. Қызылордада 5 жыл бойы әскери бөлімді басқарып, оның нығаюына бар күш-жігерімді жұмсадым. Бұдан кейін менің қызмет жолым астанада жалғасты. Аталған кезеңде мен елордада орналасқан бригадалардың бірінде штаб бастығы қызметін атқарып, одан соң Қазақстан Республикасы Қорғаныс университетінің Бас штаб факультетін тәмамдадым. Бұл — менің әскери мансабымдағы тағы бір маңызды белес болды. Оқуымды аяқтағаннан кейін, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы штабы бастығының орынбасары — жауынгерлік қызмет басқармасының бастығы лауазымына тағайындалдым. Бұл лауазымда бір жыл қызмет атқарып, өңірлік деңгейдегі жауапты міндеттерді атқардым. Ал бүгінде мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің командирі қызметін атқарып келемін. Бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Жауынгерлік даярлықты арттыру, тәртіп пен тәрбие жұмысын жүйелеу, бөлімнің кәсіби әлеуетін көтеру – басты мақсаттарымның бірі.
- Әр қалада, әр бөлімде қызмет атқарып, түрлі лауазымдарда өз біліктілігіңізді шыңдап, бүгінгі дәрежеге жету — үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Әрине, командир болу – аса жауапты міндет. Осы орайда айта кетсеңіз: командирлік лауазымда өзіңізге қандай мақсаттар қоясыз? Жалпы, командир болу сіз үшін нені білдіреді?
- Әрине, бір әскери бөлімнің командирі болу оңай емес. Командир ретінде сіз барлық бағыт пен бағдарға жауапты боласыз. Қазіргі кезде әскердегі ең құнды нәрсе – адамның өмірі. Сондықтан мен ең бірінші кезекте өз сарбаздарымның амандығына мән беремін. Олардың денсаулығының жақсы болуы, киімдерінің бүтіндігі және қарнының тоқ болуы мен үшін ең маңызды әрі бірінші орында тұрған міндеттер. Мерзімдік әскери қызметке келген жас сарбаздарды ата-аналарына аман-есен қайтару – менің басты мақсатым. Әрбір сарбаздың жан дүниесі мен отбасының тыныштығы мен үшін аса маңызды. Ал 6505 әскери бөлімі еліміздегі жалғыз айдауылдап алып жүруге бағытталған құрылым. Біздің қызмет аймағымыз кең: Қарағанды, Ұлытау және Ақмола облыстарын қамтиды. Осы өңірлерде жалпы тоғыз түзету мекемесін күзетумен айналысамыз. Қызмет көлемі өте ауқымды, күн сайын сарбаздарымыз әртүрлі бағытта қызметке шығады. Осы себепті біздің жұмысымыз бейбіт уақытта да аса жауапты әрі маңызды. Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Сонымен қатар, бөліміміздің құрамында бірнеше жеке орналасқан бөлімшелер бар. Олар Қарабас, Қарағанды, Долинка, Агро-қалашық, Аршалы кенттерінде және Жезқазған қаласында орналасқан. Бұл бөлімшелер де өз кезегінде еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосуда. Жалпы алғанда, қызметіміздің ауқымы мен жауапкершілігі өте үлкен, сондықтан сарбаздарымыздың кәсіби дайындығы мен адамгершілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлемін.
- Әскери салада ұзақ жылдар бойы қызмет еткен соң, сіздің өзіңізге пір тұтатын, үлгі тұтатын адамыңыз бар шығар. Осы туралы айтып берсеңіз, ол кім және оның сіздің өміріңізге қандай әсері болды?
- Айта кететін болсам, мен әскери салада 25 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Осы кезең ішінде көптеген жақсы командирлермен бірге қызмет атқардым. Сондықтан қорыта айтсам, әскери өмірімде маған тамаша командирлер кездесті. Әрқайсысынан өзіме қажетті біліктілікті, құндылықтарды және тәжірибені ала білдім. Бұл менің офицерлік жолымдағы ең үлкен байлығым деп санаймын.
- Иә, расыменде бұл уақыт аралығында көптеген білікті офицерлермен қызмет атқарғаныңыз көрініп тұр. Сол тәжірібиеніздің арқасында сіз 2 әскери бөлім командирі болып отырсыз. Ал, командир болған сәтте қандай қиындықтарды бастан кешірдіңіз және оларды қалай жеңдіңіз?
- Ең алғашқы командирлік тәжірибеме келер болсам, Қызылорда қаласында орналасқан 5547 әскери бөлімі жаңадан ашылған еді. Жаңадан құрылып жатқан бөлімді аяққа нықтап, оны тұрақты әрі тиімді қызметке бағыттау оңайға соқпады. Көп қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, ұжыммен бірлесіп, бірлік пен тәртіпті нығайтып, бөлімді дамытуға барымды салдым деп айта аламын.Ал 6505 әскери бөліміне келгенде, бұл жерде күнделікті жауынгерлік қызметтің күрделілігі мен қарбаласы айқын сезіледі. Әсіресе, алғашқы кезеңдерде қызметті бақылау мен ұйымдастыру қиындық туғызды, бірақ уақыт өте келе осы жұмыстарға үйренісіп, барлық жауапкершілікті өз мойныма алып, тиімді басқарудың жолдарын меңгердім. Сонымен қатар, күзететін түзеу мекемелерінің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екенін байқадым. Әр мекеменің жұмыс тәртібі, қауіпсіздік шаралары және қызметкерлердің қажеттілігі әртүрлі болғандықтан, сол ерекшеліктерге тез бейімделіп, нақты жағдайға сай шешім қабылдау қажет болды. Бұл менің кәсіби дамуым мен командирлік шеберлігімді одан әрі жетілдіруге үлкен септігін тигізді.
- Ал енді әскери саладан бөлек сіздің отбасыңыз туралы сөз қозғасақ?
- Отбасым туралы айта кетсем, жан-жарымның есімі – Дидар Базарқұлқызы. Біз бір ауылда өстік, дегенмен ол меннен 5-6 жасқа кіші болатын. Мектеп кезімде ол маған кішкентай қыздай көрінетін, бірақ жоғары оқу орнын бітіріп, ауылға келгенімде оның бойжетіп, ересек қызға айналғанын байқадым. Сол кезден бастап аралас-құралас болып, сөйлесе бастадық. Нәтижесінде, капитан әскери шеніне жеткен кезде жан-жарымды өмірлік серігім етіп алдым.Қазіргі сәтте бізде екі ұл, екі қыз бар. Бұрын жан-жарым менімен бірге 5547 әскери бөлімінде әскери қызметкер ретінде қызмет етті. Алайда мен магистратураға түскен кезде ол жұмыстан шығып, жанымда бірге болды. Қазір ол азаматтық салада қызмет атқарады. Балаларыма келер болсам, үлкен ұлым Астана қаласында студент. Себебі, менің әскери қызметте болуыма байланысты балаларым менімен бірге әртүрлі қалаларға көшіп-қонып, бес мектеп ауыстырды. Сол себепті, Астана қаласына қызмет бабымен келіп, пәтерлі болған кезде, ол сол қалада қалуды жөн көрді. Мен әскери өмірде де, отбасымда да ұстанатын қағидаларым бірдей. Балаларымды тәрбиелеуде ең бірінші, әкемнің маған үйреткен үш негізгі ұстанымын әрдайым ұмытпаймын: біріншіден, ешкімнің ала жібін аттамау; екіншіден, өтірік айтпау; және үшіншіден, қолымнан келсе, басқа адамдарға көмек көрсету. Осы қағидалар арқылы мен балаларымның бойына адалдықты, жауапкершілікті және адамгершілікті сіңіргім келеді.
- Осылайша біз сізбен сұқбатымыздың соңына таяп қалдық. Сөз соңында жас офицерлерге берер кеңесіңізді айтып берсеңіз?
- Қазір қарап отырсақ, көптеген жас жетістікке тез жеткісі келеді. Білмеймін, бәлкім, бұл заман талабы шығар. Дегенмен жетістік тез қол жеткізетін зат емес. Сондықтанда қызметті адал атқару керек және өзінің мақсатына нық қадам басуы қажет. Бастысы айтарым ерінбей қызмет атқарып, өзін көрсетіп, біліктілігін арттыруы тиіс. Ең бастысы – мақсат айқын болғаны жөн.
- Сұқбатыңыз үшін көп көп рақмет. Осындай пайдалы кеңестерді біздің жас офицерлер қолданады деп ойлаймыз.
Қорытындылай келе, полковник Мақсат Қырғызбаевпен болған сұқбат бізге әскери өмірдің мәні мен маңызын тағы бір айқын көрсетті. Оның өмір жолы – табандылықпен, Отанға деген шексіз махаббаттың және борышқа адалдықтың жарқын үлгісі. Әр сөзінен өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен үлкен жауапкершілігі айқын байқалады. Бұл сұхбат тек бір адамның ғана қызмет жолы емес, тұтас бір әскери ұжымның намысы мен абыройының көрінісі болып саналады. Мақсат Қырғызбаевтің еңбегі мен адалдығы Ұлттық ұланның беделін көтеріп, ел қауіпсіздігінің сенімді кепілі ретінде қалыптасуына зор үлес қосатыны сөзсіз. Оның бойындағы кәсіби шеберлік пен адамгершілік қасиеттері жас ұрпаққа өнеге болып, еліміздің қорғаныс саласында қызмет етудің маңыздылығын тағы да бір мәрте дәлелдеді. Болашақта да оның бастамалары мен жетекшілігі арқасында ұлттық ұланның әскери әлеуеті одан әрі нығайып, ел тыныштығы мен тұрақтылығы мызғымайтындай болады деп сенеміз.
Аға лейтенант Бақдәулет Манарбек, қарағанды қаласы