Қоғам тыныштығына әскери жасақтың әсері қандай

1793
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ойлаңызшы, аулаңыз да, айнала да тап таза. Ешкім қоқыс шашпайды. Бей-берекет сөз сөйлеп, бей әдеп қылық танытатын да ешкім жоқ. Алаңсыз қоғамдық орында балаңызды ертіп, серуен құра аласыз. Ал осындай қоғамның қалыптасуы үшін мыңдаған адам атсалысатынын білесіз бе?  Бүгінде еліміздің ішкі қауіпсіздігін сақтау мақсатында 21 қалада 7 мыңнан астам жауынгер күндіз-түні қызмет атқарады. Біз бүгін осындай міндет арқалаған ақтөбелік сарбаздардың қызмет барысындағы оқиғалары жайлы баяндаймыз.

Ақтөбеде орналасқан 6655 әскери бөлімінің сарбаздары қаланың қақ ортасындағы және қалтарыстарындағы қауіпсіздіктің қатаң сақталуын қадағалайды. Бұл үшін әскери бөлімнің жауынгерлері әскери жасаққа бөлініп, құқық бұзушылықтың болмауын басты назарға алады.  Оларды көрген бөтен ойлы адам сескенеді, қобалжиды. Қайда тығыларын білмей, қалбалақтап қалатындар да болады. Бұл жайында бізге қала көшелерінде кезекшілік атқарып жүрген әскери жасақ жауынгерлері айтып берді.

«Ақтөбе қаласының қоғамдық орындары мен тұрғындары арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу немесе болдырмау біздің міндетіміз. Шаһар үлкен болғандықтан мұнда әртүрлі оқиғалар болады. Біз солардың басы-қасында жүреміз. Көбіне әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440 және 441 бабы бойынша тәртіп бұзған адамдар анықталады. Яғни, қоғамдық орынға масаң күйде келу немесе белгіленбеген орында шылым шегу фактілері жиі ұшырасады. Жолдың тиым салынған тұсынан кесіп өту оқиғалары да кезігеді. Мұндай әрекетке барған жандарды полиция пунктіне жеткіземіз, олар ескерту жасайды немесе хаттама толтырады. Егер қайталанса айыппұл төлейді. Ал біздің сөзімізге немқұрайды қараса, өзіміздің әскери топ бастығына не әскери жасақ кезешкісіне шығамыз. Солармен бірлесе отырып шара қолданамыз. Жағдай ушығатын болса полиция учаскесінің қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқаруға тура келеді», - деді әскери жасақ бастығы қатардағы Медет Дархан Орынбекұлы.

Қырағы жасақтың күнделікті қызметі қызықты әрі қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан олар мұның бәріне дайын жүреді.

«Өткенде қаладағы мектептердің бірінің жанында жасөспірімнің темекі шегіп тұрғанын байқадым. Тыйым салынған жерде темекі шеккендіктен оның жанына жақындап, өзімді таныстыра бастадым. Кенет ол сөмкесін алып, қаша жөнелді. Бірақ біз оның адымын аштырмадық. Тексере келе жасы он төртте екен білдік. Аты-жөнін де анықтадық. Сондай-ақ оның сөмкесінде қобырайып жатқан зат көзге шалынды. Ашып көрсетуін өтіндік. Күмәніміз орынсыз болмаған екен. Жас бала сөмкесіне 21 сантиметрлік пышақ салып алған. Біз бірден әскери жасақ кезекшісін шақырдық. Кейін бәріміз бірге полиция учаскесіне бардық. Нәтижесінде жасөспірімнің ата-анасын шақырып, оларға хаттама толтырылды», - деді ол.

Сарбаз сөзінің жаны бар. Мәселен, биылғы жарты жылдың өзінде ұландық әскери қызметшілер республика бойынша заңсыз айналымнан 173 қару-жарақ пен оқ-дәріні, 828 грамм есірткіні тәркілеген. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзған 9 919 азамат полицияға жеткізіліп, олардың 379-ы қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Осы статистикаға назар салсаңыз, сарбаздардың қаншалықты қырағы һәм батыл екенін аңғарар едіңіз. Бұл қасиеттер алдымда тұрған жігіттердің жүзінен анық сезіледі. Тіпті, көз алдымызда көсіле сөйлеген сарбаздың сауатты сөз саптасы мен киім-киісі кісі сүйсінерлік екен. Алайда ол бүгінгі болмыс-бітімін қалыптастыруға әскери өмірдің әсер еткенін жасырмады.

«Өзім де мектепте оқып жүріп, түрлі құқықбұзушылықтарға куә болғанмын. Бірақ ол шақта мен заңды біле қоймайтын едім. Сондықтан айналамдағыларға адамгершілік тұрғыда ғана ескерту айтып жүрдім. Ал әскерге қабылданғаннан кейін қоғамда заң мен тәртіптің үстемдік құруына бір адамдай атсалысып келемін. Осы ретте әскердің маған үйреткені көп. Мысалы, мен азаматтық ортада кәсіппен айналыстым. Қалаған уақытымда жатамын, қалаған сәтте оянамын дегендей. Ал қазіргі ортам мүлде өзгеше. Мұнда тәртіп пен дисциплинаға бағынуға тиіссің. Тағамды да уақытылы ішу маңызды рөл атқарады», - деді өңіріне қонған мамықты алақанымен қаға түскен сарбаз.

Осы кезде сөзге оның қаруласы араласа кетті. Табыл Нұрсұлтан есімді қатардағы сарбаз әңгіме үзіліп қалмасын дегендей, досының сөзін тоқтаған жерінен іліп әкетті.

«Армия бір режим қалыптастырып береді. Осы тұрақтылық арқылы өзімді дамытуға, шындауға мүмкіндік алдым. Бұрын мен тұйық адам едім. Қазір қаруластарыммен бірге қызмет атқара жүріп, коммуникациямды да түзеп келемін.  Бізді көбіне адамдар тек қана құқықбұзушылықты анықтаумен ғана шұғылданады деп ойлайды. Алайда күнделікті қызмет барысында адамдарға қол ұшын созып жататын сәттер болып тұрады. Ол, әрине, шынай қажеттілік барын байқаған сәттерде ғана жасалады. Қалалық тағы бір мектептің жанында шамамен 12 жастағы қыз жылап жүрді. Жанына барып, жағдайды сұрағанда телефонын жоғалтып алғанына айтты. Біз сол мезетте айналаны шолып, қызға тиесілі телефонды жерден тауып бердік. Кейін бізге оның ата-анасы алғыстарын білдірді. Сондай сәтте бекерге қызмет етіп жүрмегеніңді сезініп, өз-өзіңе риза боласың. Бұл – сарбаз үшін бақытты сәт», - деді қатардағы Табыл Нұрсұлтан.

Әдетте Ұлттық ұланның әскери жасағы қала көшелерінде үш сарбаздан бірігіп, патрульдік қызмет атқарады. Мен сөзге тартқан жауынгерлердің үшіншісі Жанарыс Амангелді есімді азамат екен. Ол сөзге сараң, бірақ ісіне ықтият, жауапкершілігін анық сезіне білетін сарбаз болып шықты. Ол жігітті де сөзге тартып көрдік.

«Әскер дисциплинаны қалыптастыратын, азаматтармен сөйлесуді үйрететін мектеп дей аламын. Мен қызмет барысында баласын жоғалтып алған ата-анаға ұлдарын тауып беруге көмектестім. Олар үшеуі бірге ойын алаңына келген. Ата-анасы әңгімелесіп отырған бір сәтте бала ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Шошынған ерлі-зайыпты орындарынан атып тұрып, жан-жақтан баласын іздей бастаған. Біз сол маңда жүрген едік. Жағдайды түсініп, әлгі баланы іздедік. Ізденісіміз нәтижелі болды. Бала ересек топқа қосылып, өзге үйдің ауласына қарай өтіп кеткен. Біз оны ата-анасына табыстаған сәтте толқыған ана жүрегінін саябырсыған сәтіне куә болдым. Бұл сәт мені толқытып жіберді. Ана мен әкенің баласы үшін қалай жанұшырғанын көру адамды тебірентеді екен. Ең бастысы оларды қауіп пен үрейден арылта алғаныма қатты қуандым», - деді қатардағы Жанарыс Амангелді.

Жауынгерлік қызмет атқара жүріп, сұрақтарыма жауап берген сарбазадарға алғыс білдіріп, мен де жөніме кете бардым. Аз-кем аялдағаннан кейін әскери жасақ та әп-сәтте әдеттегі қызметтеріне кірісіп кетті. Маған сарбаздардың кезекті іс-әрекеті қандай болатыны қызықты көрінді. Сондықтан олардан көпке дейін көз алмай қарап тұрдым. Ал олар балаларға арналған ойын алаңы маңындағы орындықта даурығып отырған екі адамға қарай беттеп барады. Сонда ғана түсіндім: манадан жан-жағын зерттеп, зерделей қараған әскери жасақ бастығының көзіне қолына сыра бөтелкесін ұстаған бейтаныс адамдар іліккен екен...

Иә. Құқықтық тәртіп әскерінің 6655 әскери бөлімі елі үшін туған ерен ұлдардан кенде болмаған. Бұған 2016 жылы Ақтөбеде террористер ұйымдастырған шабуыл кезінде ерлікпен көз жұмған қатардағы жауынгер Сапар Досболдың батылдығын айтса да жеткілікті. Ол өз басына қатер төніп тұрса да, содырларға әскери бөлімдегі қару қоймасының қай жерде орналасқанын айтпаған. Ақтық демі қалғанша антына адалдық танытқан Сапар Досболдың есімі Ұлттық ұланның ғана емес, ел тарихына да алтын әріппен жазылды. Міне, осылайша, ұландық сарбаздар ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі үшін аянбай қызмет етіп жүр.  Отан ісін үн-түнсіз атқарып жүрген оғылан ұлдарымыздың күш-қуаты арта бергей. Айтпақшы, патша көңілді оқырман жоғарыдағы сауалдың жауабын осы мақаладан тапқан болар деген ойдамын.

Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Астана-Ақтөбе-Астана

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -