Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы еліміздің Ішкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға арналған. Осынау қиыншылығы, ауыртпашылығы мол, асқан сақтықты, қырағылықты және жауапкершілікті талап ететін құрылымда қызмет ету оңай емес. Ал түзеу мекемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сотталғандарды басты назарда ұстап, мекемеге тыйым салынған заттардың өтіп кетуін болдырмау, құқығы шектелгендердің жазасын өтеп жатқан жерден қашып кетуінің алдын алу әрбір ұланның бойына екі есе міндет жүктейді. Еліміздің солтүстігіндегі 6679 әскери бөліміне барған іс-сапарымда қарауылдық қызметті атқарып жүргеніне 20 жылдан астам уақыт болған әскери қызметшімен әңгіме өрбіттім.
Кейіпкерім өмірге келген жер - Абай облысының іргесіндегі Көкпекті ауданы - табиғаты көркем, орман-тоғайы мен көлі қатар өрілген өңір. Бұл жерде дүниеге келген адамдардың бойынан туған жерге деген шынайы махаббат пен табиғи төзімділік байқалады. Осындай көркем өлкеде дүние есігін ашып, бүкіл саналы ғұмырын ел тыныштығы жолындағы қызметке арнаған Айдын Әмірғалиев – Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінде қарауыл бастығы. Биыл оның осы әскери бөлімде үздіксіз қызмет атқарып келе жатқанына жиырма жылдан асты. Азаматтық борышын атқару үшін осы бөлімге шақыртылып келген бозбала, уақыт өте келе өзінің өмірлік жолын осы бөліммен байланыстырып, қазіргі уақытта әскери бөлім ішіндегі үлгі тұтарлық әскери қызметшілердің біріне айналған.
Айдын алғаш рет 2004 жылы еліміздің Ішкі әскерлеріне қарасты 6679 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылды. Сол кездің өзінде болашақ аға сержанттың жауапкершілігі мен қырағылығы командирлердің назарынан тыс қалмаған. Жас сарбаздың бойындағы ұқыптылық, бұйрық, тапсырмаларды дәл әрі уақытында орындау қасиеттері оны өзгелерден ерекшелендірді. Әскери бөлімнің ішкі тынысымен танысып, ортадағы ұйымшылдық пен ұрпақ сабақтастығының қадірін түсінген аға сержант Әмірғалиев өзіне бұл қызметтің жат емес екенін сезінді. Жарты жыл өтпей жатып, оның әскери қызметке деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Әскери қызмет өзінің мерзімді міндеті емес, өмірлік таңдау болуы керек екеніне көзі жетті.
Мерзімді қызметін абыроймен аяқтаған соң, ол бөлімде келісімшарт негізінде қалуға шешім қабылдайды. Бұл шешім оңай болған жоқ. Қатардағы жауынгерден бастап түрлі жауапты қызметтерді атқарып жүріп, қазіргі кезде қарауыл бастығы дәрежесіне дейін көтерілді.
Қарауыл бастығы — сенім мен жауапкершіліктің туын қатар алып жүретін қызмет. Бұл лауазымда бір күндік қателік бүкіл жүйенің жұмысын шайқалтып жіберуі мүмкін. Сондықтан дәлдік, тәртіп, ұқыптылық және қырағылық — бұл қызмет иесінің басты қағидаттары. Кейіпкерім бұл талаптарға толық сәйкес келеді. Ол үшін қызмет – тек бұйрықтарды орындау емес, жас сарбаздарға бағыт беріп және жол көрсетіп, әскери қызметтің маңыздылығын түсіндіріп отыру. Қызметтік міндеттерінен бөлек, олардың психологиялық жай-күйіне де аса мән беру. Cебебі қарауылдық қызмет қатерге, тосын жайттарға толы. Ал солардың алдын алу үшін жауынгер мызғымай, кірпік қақпай, төнген залалдан тосырқамай, қасқайып қарсы тұрып, кеудесін оққа тосуға даяр болуы шарт. Қазақта «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген сөз бар. Айдын бұл сөздің мағынасын жақсы түсінеді. Ол қарамағындағы сарбаздарға үлгі болуға талпынады. Әр қимылын, әр айтқан сөзін нықтап, нағыз қарауыл қызметін атқаратын жауынгердің қандай болатынына өзі дәлел болуға бар ерік-жігерін салуға тырысады. Өздері секілді бекетте тұрып, сотталғандардың қашып кетпеуіне жол бермеген батыр ұландардың жанқиярлық ерліктерін күн сайын айтып отырады. Қарауылдық қызметтегі демалыс бөлмесін ерлікті, батырлықты, отансүйгіштікті дәріптейтін кітап-журналдармен толтырып, сарбаздардың бос уақытын тиімді пайдаланулары үшін барлық жағдай жасап қойған. Бұл жерде сарбаздар тек қызмет атқарып қана қоймай, өздерінің талантын шыңдап, өнер-білімге деген қызығушылықтарын арттырады. Сөздерімнің айғағы ретінде әп сәтте өзінің табиғи қоңыр үнімен әуелі Сарыарқаның сайын даласына, одан соң бүкіл Қазақстанға мәшһүр болған қатардағы жауынгер Әлихан Медеуұлын айта аламын.
Кейіпкерімнің сарбазы, Қарағанды облысы Қарқаралы өңірінің тумасы Әлиханды әріптестерім 6679 әскери бөлімінің қарауыл қызметі туралы түсірілім кезінде оның дауыс ырғағының ерекшелігін байқап қалған. Енді, міне, Әлихан әскери бөлімнің жас сарбаздарының салтанатты ант қабылдау рәсімінде негізгі жүргізуші болды. Сарбаздың танымал болуына тек түсірілім тобының жұмысы әсер етті деуден аулақпын. Бұл жерде сол әскери бөлім қызметінің дұрыс жолға қойылғандығы, жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі, командирлерінің сарбаздардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға жағдай жасайтыны, бәрі-бәрінің әсері бар. Бұғанасы енді-енді қатып келе жатқан жастардың бағын ашу, олардың жетістіктеріне өздері жеткендей марқаю, көңілі толу сезімдерін бастап кешіретін қарапайым әскери қызметшілердің сарбаздарға сіңген еңбегін жоққа шығару әбестік болар. Басқа-басқа әскер қатарында мерзімді қызметтен қарауыл бастығына дейінгі жолдан өткен кейіпкерім жауынгердің жай-күйін жан-тәнімен түсінетіні анық. Бәлкім, жас Айдынның да бойында ашылмай қалған қырлары бар шығар. Бірақ мен оның бұл сұрақты өзіне қойып, жанын жегідей жейтініне таңым бар. Себебі оның жастық өмірі сайран салумен өткен жоқ. Жолдастары ойын-күлкі қуалап жүрген де ол бекетте түзеу мекемесінің қауіпсіздігіне жауап беріп жүрді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Кейіпкерім бұнысымен жолдастарынан кем болды ма? Оқырмандар өздері түйткілдің түйінін тарқата жатар...
Аға сержант Әмірғалиев - тек атқарып отырған қызметінде ғана емес, отбасында да үлгілі азамат. Жұбайына – адал жар, үш балаға – қамқор әке. Демалыс уақытында табиғат аясында серуендеп, жазық даланың баяу желпінген самалымен тыныстап, халқымыздың өткені мен ертеңі туралы тағылымды оқиғалардан сыр шертіп, ұлдарын – Отанына қорған болар өрендерін патриоттық рухта тәрбиелеуге тырысады. Кейде туған жері Қарағандыкөлге барып, балалық шағы өткен өлкенің тынысымен сусындап қайтатын сәттері туады. Бұл – оның өміріне серпін беріп, рухани күш сыйлайды. Жаңа қарқынмен қызметін одан әрі жалғастыруға құлшынып, жауынгерлік міндеттерді орындаудың тиімді жолын қарас-
тырады.
Жиырма жыл ішінде ол бірнеше мәрте әскери бөлім басшылығының алғыс хаттарына, марапаттауларына ие болды. Ұлттық ұлан мен ІІМ-нің түрлі деңгейдегі грамоталары мен төсбелгілері оның шаңырағының қақ төрінен орын алған. Бұл марапаттардың барлығы оның кәсіби біліктілігі мен Отанға адалдығының көрінісі екені анық.
Аға лейтенант Нұрдәулет Мергенбек, Павлодар қаласы