Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Алматы облысында «Известковый» сейсмикалық станциясының жаңа модульдік ғимаратын ашты. Бұл нысан бар болғаны 45 күнде салынды, ТЖМ иелігіне берілген Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы («СБЗҒО» ЖШС) инфрақұрылымын жаңарту аясында модернизацияланған алғашқы станция болып табылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қарасай ауданындағы Көктөбе ауылында орналасқан сейсмикалық станция оңтүстік өңірдегі сейсмологиялық мониторинг жүйесінде маңызды рөл атқарады. Ол еліміздің сейсмикалық белсенділігін бақылау ұлттық желісіне кіреді.
«Бүгін біз сейсмологиялық мониторинг инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған жүйелі тәсілдің нәтижесін көріп отырмыз. «Известковый» станциясы жер сілкінісін болжаудың маңызды элементі. Енді ол толықтай заманауи талаптарға сәйкес келеді. Біз сейсмикалық қауіптерге дайындықты қамтамасыз ету үшін станциялар желісін модернизациялауды жалғастырамыз», - деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Жаңа нысан заманауи сэндвич-панельдерден салынған және тәулік бойы ғылыми жұмыстарды жүргізуге, қызметкерлердің жайлы тұруына қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимаратта жылы едендер, санитарлық тораптар, демалыс бөлмелері, зертхана және байланыс құралдары қарастырылған. Станция заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Бұл оның деректерді беру жылдамдығы мен дәлдігін айтарлықтай арттырады. Ведомстволық объектінің аумағында шырша көшеттері отырғызылды.
«Известковый» станциясын модернизациялау Ұлттық сейсмологиялық орталықтың барлық станцияларын жаңарту бойынша ауқымды жобаның алғашқы кезеңі болды. Алдағы жылдары Төтенше жағдайлар министрлігі кезең кезеңімен бүкіл желіні қайта жаңғыртып, еліміздің түкпір-түкпірінде жабдықтау стандарттарын біріздендіріп, сейсмикалық қауіптерге дайындық деңгейін жоғары етуді жоспарлап отыр.
Станцияда жиналған деректер «СБЗҒО» ЖШС бірыңғай бақылау базасына түсіп, олардың негізінде қысқа мерзімді және орта мерзімді сейсмикалық белсенділік болжамдары жасалады. Бұл болжамдар ТЖМ мен Қазақстандағы ғылыми институттарының жұмысында пайдаланылады.